1 / 9
Шардара қаласындағы «Шежіре» саябағында орналасқан мемлекеттік рәміздер алаңында Республика күніне орай Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туын көтеру рәсімі өтті.
Салтанатты іс-шараға Шардара ауданы әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков, аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерлан Абдразахов, Шардара аудандық ардагерлер қоғамдық келісімінің төрағасы Қыстау Ілесов, Шардара қаласының әкімі Досбол Жұмәділлаев, сондай-ақ ардагерлер, жастар мен аудан тұрғындары қатысты.
Мерекелік рәсім Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Әнұранын орындаумен басталды. Салтанатты жағдайда көк байрағымыз көкке көтеріліп, тәуелсіздігіміздің, елдігіміздің және ұлттық бірлігіміздің нышанына құрмет көрсетілді.
Іс-шара барысында аудан әкімінің орынбасары Бейсенбай Төребеков жиналған қауымды Республика күнімен құттықтап, мерекенің тарихи маңызына тоқталды.
«Республика күні – еліміздің егемендік жолындағы тарихи қадамын айқындайтын, ұлттық мемлекеттілігімізді дәріптейтін айрықша мереке. 1990 жылғы 25 қазанда мемлекеттік егемендік туралы Декларация қабылданып, Қазақстанның тәуелсіз мемлекет ретінде қалыптасуына берік негіз қаланды.
Мемлекеттік Туымыз – тәуелсіздігіміздің, азаттығымыздың, ел бірлігі мен жарқын болашаққа деген сеніміміздің символы. Көк байрағымыз әрдайым биікте желбіреп, еліміз аман, жұртымыз тыныш, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын! Баршаңызға бақ-береке, отбасыларыңызға амандық тілеймін!» – деді Бейсенбай Төребеков.
Республика күні – елдігімізді нығайтып, отаншылдық рухты көтеретін, ортақ құндылықтарымызды ұлықтайтын маңызды мереке. Мемлекеттік Туға құрмет көрсету – Отанға деген сүйіспеншіліктің, ел болашағына деген жауапкершіліктің көрінісі.
Іс-шара барысында патриоттық әндер орындалып, мерекенің мазмұны мен маңызы айшықтала түсті.
Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын! Тәуелсіздігіміз тұғырлы, бірлігіміз бекем болып, көк Туымыз мәңгілік биікте желбірей берсін!
Республика күні құтты болсын, Қазақстан! 
Шардара ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









