Бүгін Астанада антимикробтық резистенттілікті (АМР) тежеу мәселелеріне арналған дөңгелек үстел өтті. Іс-шараға Комитеттің, мемлекеттік органдардың, Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының, зертханалық қызметтердің, ғылыми қоғамдастық пен жоғары оқу орындарының өкілдері, сондай-ақ фармакология және фармация саласының сарапшылары қатысты.
Кездесу Дүниежүзілік антимикробтық резистенттілік туралы хабардарлықты арттыру апталығы аясында ұйымдастырылды. Дөңгелек үстел тәжірибе алмасу, қол жеткізілген нәтижелерді талқылау және осы бағыттағы алдағы басымдықтарды айқындау алаңына айналды.
Қатысушылар антимикробтық резистенттілік қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы жаһандық қауіптердің бірі екенін атап өтті. Өйткені микробқа қарсы препараттар тиімділігінің төмендеуі инфекциялық ауруларды емдеуді қиындатып, пациенттер үшін қауіп-қатерді арттырады.
Талқылау барысында зертханалық диагностиканы дамытуға, микробиологиялық мониторингті жетілдіруге, микробқа қарсы препараттарды ұтымды пайдалануға және инфекциялық бақылауды күшейтуге ерекше назар аударылды. Сенімді зертханалық деректер төзімді микроорганизмдерді уақтылы анықтауға, клиникалық тұрғыдан негізделген шешімдер қабылдауға және профилактикалық шаралардың тиімділігін бағалауға мүмкіндік береді.
Қазақстанда АМР-ді тежеу жөніндегі жұмыс 2023–2027 жылдарға арналған Жол картасы шеңберінде жүзеге асырылуда. Сонымен қатар, бұл бағыттағы жұмысты одан әрі ілгерілету үшін сектораралық өзара іс-қимылды нығайту, зертханалық әлеуетті дамыту және денсаулық сақтау мен ветеринария салалары мамандарының біліктілігін арттыру қажет.
Дөңгелек үстел барысында кадрлар даярлау, мониторинг жүйесін жетілдіру және антимикробтық резистенттіліктің таралуының алдын алу бойынша практикалық тәсілдерді енгізу мәселелері де қаралды.
Қатысушылар АМР-ге қарсы тиімді іс-қимыл мемлекеттік органдардың, медициналық және ветеринариялық секторлардың, зертханалық қызметтер мен ғылыми қоғамдастықтың күш-жігерін біріктіру арқылы ғана мүмкін екенін атап өтті.
Осындай кездесулерді өткізу ортақ шешімдер әзірлеуге және қазіргі және келер ұрпақ үшін микробқа қарсы препараттардың тиімділігін сақтауға бағытталған ұлттық шараларды одан әрі жетілдіруге ықпал етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









