Бесқарағай ауданында діни экстремизм мен терроризмнің алдын алуға арналған кездесу өтті. Қатысушыларға радикалды көзқарастарды қалай анықтауға болатыны, діни манипуляцияларға қарсы тұру және интернеттегі алаяқтық әрекеттерден сақтану жолдары түсіндірілді.
Іс-шараны Абай облысының дін істері басқармасына қарасты Дін мәселелерін зерттеу орталығы ұйымдастырды. Кездесуге жастар, мемлекеттік қызметшілер, түрлі этнос өкілдері және мәдениет мекемелерінің қызметкерлері қатысты.
Жиында республикалық ақпараттық-түсіндіру тобының мүшелері – теология ғылымдарының докторы (PhD) Тимур Нүсіпханұлы мен дінтанушы Саян Аднабекұлы баяндама жасады. Мамандар радикалды діни идеялардың қауіптілігі, олардың интернет арқылы таралу жолдары және діни манипуляциялардың құрбаны болмау үшін назар аудару қажет негізгі мәселелер туралы түсіндірді.
Баяндамалардан кейін қатысушылар мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, діни мәселелер бойынша сауатты болудың және өз құқықтарын білудің маңызын талқылады.
Кездесуге қатысқан аудан тұрғыны Айгүл Сәрсенова мұндай іс-шаралардың маңыздылығын атап өтті.
– Осындай кездесулер діни мәселелерді тереңірек түсінуге, шынайы ақпаратты жалған мәліметтен ажыратуға және интернеттегі күмәнді ақпарат көздерінің ықпалына ермеуге көмектеседі, – деді Айгүл Сәрсенова.
Кездесу қоғамдық келісімді нығайтуға, тұрғындардың діни сауаттылығын арттыруға және деструктивті діни идеялардың таралуына байланысты қауіп-қатерлер туралы ақпараттандыруға бағытталды..
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









