NEET санатындағы жастарды радикалды идеялардан қалай қорғауға болады

    Біліммен және жұмыспен қамтылмаған жастармен жұмыс жүргізу діни экстремизм мен радикалды идеологиялардың алдын алудың маңызды бағыттарының бірі болып қала береді. Бұл ретте білім беру және еңбек ортасынан тыс қалған жастардың құқықтық және діни сауаттылығын арттыруға ерекше назар аударылады.

    NEET санатындағы жастар (ағылшын тіліндегі Not in Education, Employment or Training ұғымынан шыққан) - білім алмайтын, жұмыс істемейтін және кәсіби даярлықтан өтпейтін жастар. Тұрақты жұмыстың, нақты өмірлік бағдарлардың және әлеуметтік байланыстардың болмауы олардың деструктивті идеологиялардың ықпалына, теріс пиғылды адамдардың арбауына және интернет-алаяқтардың әрекеттеріне осал болуына себеп болуы мүмкін.

    Осыған байланысты профилактикалық жұмыс дәстүрлі дәрістер мен білім беру ұйымдарындағы ақпараттық кездесулер шеңберінен шығып, ерекше тәсілді талап етеді.

    Жастармен өзара іс-қимыл жасаудың тиімді әдістерінің бірі - олардың күнделікті жүретін орындарында тікелей әрі нысаналы жұмыс жүргізу. Мамандар аутрич-рейдтер ұйымдастырып, аулалардағы демалыс алаңдарын, спорт нысандарын, компьютерлік клубтарды, базарлар мен құрылыс алаңдарын аралайды. Мұндағы басты мақсат – жастармен сенімді қарым-қатынас орнату, оларды толғандыратын өзекті мәселелерді анықтау және ашық диалогқа жағдай жасау.

    Кездесулер барысында жұмысқа орналасу, кәсіптік білім алу, мемлекеттік гранттарға ие болу және әлеуметтік бағдарламаларға қатысу мәселелері талқыланады. Мұндай тәсіл жастардың ақпараттану деңгейін арттырып қана қоймай, олардың өзін-өзі дамытуы мен әлеуетін жүзеге асыруына қолжетімді мүмкіндіктерді бағдарлауына көмектеседі.

    Сонымен қатар құқықтық және діни сауаттылықты арттыруға ерекше көңіл бөлінеді. Мамандар жастарға заңмен тыйым салынған материалдарды таратудың, әлеуметтік, ұлттық немесе діни алауыздықты қоздыратын пікірлер жариялаудың, сондай-ақ алаяқтық схемаларға, оның ішінде дроппер ретінде қатысудың құқықтық салдарын түсіндіреді.

    Діни құқықтық сауаттылық бағытында ақпаратты сыни тұрғыдан қабылдау дағдыларын қалыптастыруға, дәстүрлі діни құндылықтарды радикалды ағымдардан ажырата білуге, сондай-ақ әлеуметтік желілер мен мессенджерлердегі манипуляциялық ықпал ету тәсілдерін тануға басымдық беріледі.

    Заманауи профилактикалық жұмыс цифрлық құралдарды белсенді пайдалануды да көздейді. Дәстүрлі ақпараттық материалдармен қатар қысқа бейнероликтер, тақырыптық карточкалар, өмірде кездесетін нақты жағдайларды талдау, интерактивті викториналар және кейінгі талқылаумен өткізілетін фильм көрсетілімдері қолданылады. Сонымен қатар «тең-теңімен» қағидатының тиімділігі жоғары. Бұл тәсіл жастар арасында беделге ие жас кәсіпкерлерді, спортшыларды және басқа да белсенді өкілдерді профилактикалық жұмысқа тартуды көздейді.

    Сонымен бірге радикалды көзқарастардың алдын алу тек ақпараттық-түсіндіру жұмыстарымен шектелмеуі тиіс. Әлеуметтік тәуекелдерді төмендетудің маңызды шарттарының бірі - жастардың жұмыспен қамтылуына және кәсіби тұрғыдан қалыптасуына жәрдемдесу. Еңбек мобильділігі орталықтарының мамандарымен өзара іс-қимыл жасау арқылы жастарға жұмысқа орналасу, кәсіптік оқыту және сұранысқа ие дағдыларды меңгеру мүмкіндіктері туралы ақпарат беріледі.

    Осылайша, NEET санатындағы жастар арасында тиімді профилактикалық жұмыс құқықтық ағарту, діни сауаттылықты арттыру, сыни ойлау қабілетін дамыту және әлеуметтік бейімделуге жәрдемдесу бағыттарын ұштастыратын кешенді тәсілге негізделуі қажет.

    Мұндай жұмыстың басты мақсаты - жастарды қауіпті идеологиялардан сақтандыру ғана емес, олардың болашаққа сеніммен қарауына, қажетті білім мен дағдыларды меңгеруіне және өз мүмкіндіктерін жүзеге асыруына жағдай жасау.

    Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Терроризмге қарсы орталығы" жаңалықтары