Қазіргі ақпараттық қоғамда интернет пен әлеуметтік желілер адам санасына, көзқарасы мен дүниетанымына ықпал ететін негізгі құралдардың біріне айналды. Әсіресе діни мазмұндағы ақпараттардың кеңінен таралуы жағдайында радикалды идеологиялардың ықпалына қарсы тұру, ақпаратты дұрыс саралау және сыни тұрғыдан бағалау дағдыларын қалыптастырудың маңызы артып отыр.
Осы бағыттағы профилактикалық жұмыстар аясында Абай облысының Дін мәселелерін зерттеу орталығының мамандары «Шығыс» өңірлік қолбасшылығының офицерлері, сержанттары мен психологтарына арналған оқыту семинарын өткізді.
Іс-шара барысында медиасауаттылықты арттыру, терроризм мен діни экстремизмді алдын алу, діни мазмұндағы ақпараттарды сыни қабылдау, сондай-ақ интернет кеңістігіндегі қауіп-қатерлерден қорғану мәселелері талқыланды.
Семинарда әлеуметтік желілер арқылы радикалды идеялардың таралу тетіктері, қоғамдық санаға ықпал етудің манипуляциялық әдістері және азаматтарды деструктивті топтарға тарту тәсілдері жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.
Орталық мамандары әскери қызметшілерге әлеуметтік желілерде таралатын күмәнді діни ақпараттарды ажырату, жарияланымдардың мазмұнына сыни көзқараспен қарау, арандатушылық сипаттағы материалдарға ермеу және ақпаратты тексерілген дереккөздер арқылы қабылдау қажеттігін түсіндірді.
Сонымен қатар психологтарға арналған блокта профилактикалық жұмыстарды жүргізу барысында психологиялық тәсілдерді тиімді қолдану, жастармен және әскери қызметшілермен өзара қарым-қатынас орнату, радикалды көзқарастардың қалыптасуына ықпал ететін факторларды дер кезінде анықтау мәселелеріне назар аударылды.
Мұндай оқыту семинарлары әскери қызметшілердің ақпараттық сауаттылығын арттырып қана қоймай, олардың сыни ойлау қабілетін дамытуға, идеологиялық манипуляцияларға қарсы тұру дағдыларын қалыптастыруға және ақпаратты жауапкершілікпен тұтыну мәдениетін нығайтуға бағытталған.
Өйткені қауіптің алдын алу ең алдымен ақпараттан басталады. Ал сыни ойлау, сенімді ақпаратты ажырата білу және ашық диалог орнату – деструктивті идеологиялардың ықпалына қарсы тұрудың маңызды тетіктері.
Материал Абай облысының ТҚК ақпараты негізінде дайындалды
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









