Аты аңызға айналған Панфилов дивизиясы жауынгерлерінің өшпес ерлігінің 85 жылдығына орай Қазақстанның Ресейдегі Елшілігінің дипломаттары батырлардың рухына тағзым етті.
1941 жылғы 16 қарашада Волоколамск түбінде, Дубосеково разъезінің маңында панфиловшылар неміс танктерінің Мәскеуге басып кіру әрекетіне тойтарыс берген.
Еске алу іс-шараларына Мәскеуде аккредиттелген дипломатиялық корпус, Ресей СІМ, Мәскеу облысы Үкіметі мен Мәскеу облыстық Думасының, ардагерлер мен қоғамдық ұйымдардың өкілдері, әскери тарихшылар мен сарапшылар, сондай-ақ панфиловшылардың туыстары қатысты. Олар Дубосеководағы мемориалға гүл шоқтарын қойып, Панфиловшы батырлар мұражайында өткен дөңгелек үстел барысында тарихи жадыны сақтау мәселелерін талқылады.
ҚР РФ Елшілігінің Кеңесші-уәкілі Ерлан Шәмішев атап өткендей, Ұлы Отан соғысындағы Жеңіс тақырыбын мемлекеттеріміздің басшылары Қасым-Жомарт Тоқаев пен Владимир Путин екіжақты кездесулер барысында тұрақты түрде талқылайды. «Сол күндер туралы естелік халықтарымызды біріктіреді. Біз оны келер ұрпаққа жеткізу үшін осы тағзым борышын өтейміз және бұл естелік - халықтарымыз бен елдеріміз арасындағы тірі көпір. Бүгінде Қазақстан бейбітшілік, тату көршілік және тарихи шындықты құрметтеу қағидаттарына адал болып қала береді», – деп атап көрсетті дипломат. Ол Қазақстан үшін панфиловшылардың ерлігі ерекше маңызға ие екенін және қазақстандықтардың ортақ Жеңіске қосқан үлесін айшықтайтынын еске салып өтті.
Өз кезегінде, Волоколамск муниципалдық округі басшысының орынбасары Надежда Большакова бүгін ұрпақ үшін өз өмірлерін құрбан етіп, жауды тоқтатқан Панфилов батырлары ерлігінің 85 жылдығы аталып өтіп жатқанын тағы бір еске салды. «Олар күш жинап, Мәскеуге фашистерді жіберіп алмау үшін қажетті уақыт берді. Біз бұл ерлікті білуіміз және мәңгі есте сақтауымыз керек. Мен әрқайсымызға, ең алдымен балаларымызға, панфиловшылардың ерлігін ұмытпауды, тарихи жадыны сақтауды және ешқашан мойымауды тілеймін», – деп атап өтті ол.
85 жыл бұрын Мәскеу үшін шайқастың тағдырын шешкен негізгі шайқастардың бірі осында өрбіді. Қызыл армияның басқа да бөліктерімен бірге Волоколамск бағытында алынбас қамалдай тұрған 316-атқыштар дивизиясының арқасында жаудың жоспарлары жүзеге аспай қалды», – деп еске салды РФ Қарулы Күштері Бас әскери-саяси басқармасының өкілі, генерал-майор Андрей Колесников.
Мәскеу облыстық Думасының депутаты Владимир Вшивцев Дубосеководағы мемориал Мәскеу қорғаушылары ерлігінің басты ескерткіштерінің бірі болып қала беретінін атап өтті. «Дәл осы жерде Панфилов бөлімшесі жауды тоқтатып, жанқиярлық ерлік көрсетті. Жауынгерлер керемет рух күшін таныта отырып шайқасты. Олар мүмкін емес нәрсені жасап, мәңгілік даңққа бөленді», – деді ол.
Анықтама үшін:
316-атқыштар дивизиясы 1941 жылғы шілде-тамыз айларында Қазақ КСР және Қырғыз КСР азаматтарынан жасақталған. Күзде олар Мәскеу түбінде ауыр шайқастар жүргізген. Бас қаланы қорғаудағы ерліктері үшін Қызыл Ту орденімен марапатталып, 8-ші гвардиялық атқыштар дивизиясы болып қайта құрылған, сондай-ақ дивизияға қаза тапқан қолбасшы, генерал-майор Иван Панфиловтың есімі берілген.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









