15 қарашадан бастап Шығыс Қазақстан облысында қар көшкіні қаупі кезеңі басталды.Облыс - республикадағы қар көшкіні қаупі жоғары өңірлердің бірі.
ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалының қызмет көрсету аумағында 325 қар көшкіні жинақталатын учаске, қар көшкіні әсер ету аймағына түсетін 93 шақырым автомобиль жолы, мереке және демалыс күндері демалушылар саны 3000 адамнан асатын туристік және шаңғы базалары орналасқан.
– «Қазселденқорғау» ММ филиалының мамандары 20 қар өлшеу және қар көшкіні маршрутын әзірледі. Оларға 160 қар өлшеуіш тақтайша орнатылған. Аталған тақтайшаларға филиал мамандары қызмет көрсетеді. Қар көшкіні жинақталатын учаскелердің жалпы жай-күйін, қар көшкіні жүру қаупінің бар-жоғын, қар массасының жиналу деңгейін анықтау және қар құрылымын зерделеу мақсатында қар көшкіні қаупі бар учаскелерге апта сайын далалық тексеру жүргізіледі. Қысқы кезеңде демалыс аймақтарында, шаңғы базаларында және автомобиль жолдарының бойында үш тілде жазылған 40 ескерту қалқаны уақтылы орнатылды», – деп хабарлады ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалынан.
Биылғы қысқы кезеңде өңірде 20 қар көшкіні бақылау маршруты жұмыс істейтін болады.
– Өткен жылы бүкіл қысқы кезеңде қар көшкінін алдын алу мақсатында 14 профилактикалық түсіру жұмысы жүргізіліп, нәтижесінде жалпы көлемі 5231 текше метр қар түсірілді, – деді ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалының өкілдері.
– Таулы аймақтарға шығар алдында ауа райы жағдайымен міндетті түрде танысу қажет. «112» қызметінен дауылды ескерту алған жағдайда тәуекелге бармай, қар көшкіні қаупі бар маршруттарда болмауға шақырамыз, – деп ескертті ШҚО ТЖД Төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы Ануар Қайсанов.
ШҚО ТЖД және ҚР ТЖМ «Қазселденқорғау» ММ Шығыс Қазақстан филиалы мамандарының мәліметінше, қар көшкіндері негізінен қардың қалың қабаты жиналатын таулы аймақтарда жүреді. Қар көшкінінің жүруіне ұзақ уақыт жауған қар, қардың қарқынды еруі, ауа температурасының ауытқуы, шаңғышылардың қарлы беткейдің тұтастығын бұзуы, қатты айқайлау және беткейлерден сырғанау себеп болуы мүмкін.
Төтенше жағдай туындағанда 112 нөміріне хабарласыңыз.
Дереккөз: ШҚО ТЖД
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









