Бассейнге бару – бұл тек денсаулықты нығайтуға, дене белсенділігін сақтауға және жағымды әсер алуға мүмкіндік қана емес, сонымен қатар белгілі бір қауіпсіздік шараларын сақтауды талап етеді. Қауіпсіз шомылудың басты шарттарының бірі – судың тиісті сапасын қамтамасыз ету және оны залалсыздандыру.
Бассейнді пайдалану барысында су үнемі ластануға ұшырайды. Суға келушілер арқылы әртүрлі микроорганизмдер, органикалық заттар, тер бөлшектері және басқа да ластаушы заттар түсуі мүмкін. Сондықтан жұқпалы аурулардың таралуын болдырмау мақсатында суды тиімді залалсыздандыру қажет.
Суды залалсыздандырудың кең таралған тәсілдерінің бірі – хлорлау. Хлор және құрамында хлоры бар препараттар айқын залалсыздандыру қасиетіне ие және ішек инфекцияларының, тері ауруларының және басқа да жұқпалы аурулардың қоздырғыштарының таралу қаупін төмендетуге мүмкіндік береді.
Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2022 жылғы 26 шілдедегі № ҚР ДСМ-67 бұйрығымен бекітілген «Коммуналдық мақсаттағы объектілерге қойылатын санитариялық-эпидемиологиялық талаптар» санитариялық қағидаларына сәйкес, бассейндердің су қабылдайтын шараларындағы су міндетті түрде залалсыздандырылуға тиіс. Бұл ретте хлорлау, бромдау, озондау, ультракүлгін сәулемен өңдеу және рұқсат етілген басқа да әдістер қолданылуы мүмкін.
Құрамында хлоры бар препараттарды қолданған кезде судағы қалдық бос және байланысқан хлордың мөлшерін, сондай-ақ рН деңгейін тұрақты бақылау қажет. Бұл судың қажетті залалсыздандыру тиімділігін қамтамасыз етуге және химиялық заттар концентрациясының рұқсат етілген шектен асып кетуіне жол бермеуге мүмкіндік береді.Аталған санитариялық қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес, қалдық бос хлордың нормативтік мөлшері:
- 1 жастан 6 жасқа дейінгі балаларға арналған бассейндерде – 0,1–0,3 мг/л; ересектерге арналған бассейндерде – 0,3–0,6 мг/л.Қалдық байланысқан хлордың мөлшері 1,2 мг/л-ден аспауға тиіс.
Бассейнде сезілетін хлордың өзіне тән иісі оның шамадан тыс мөлшерде екенін әрдайым білдірмейтінін түсіну маңызды. Бұл иіс хлордың органикалық ластаушы заттармен әрекеттесуі нәтижесінде түзілетін хлораминдердің пайда болуына байланысты болуы мүмкін. Сондықтан суды уақтылы тазарту, сүзгіден өткізу және оның сапасына тұрақты зертханалық бақылау жүргізу ерекше маңызға ие.
Санитариялық қағидаларға сәйкес, судың рециркуляциялық айналым жүйесі кезінде су тазартылып, залалсыздандырылады. Сонымен қатар бассейн жұмыс істеген әрбір 8 сағат сайын су көлемінің кемінде 10%-ы мөлшерінде таза су құбыры суын үздіксіз қосу көзделген.
Бассейн әкімшілігі судың сапасына өндірістік бақылауды қамтамасыз етуге, зертханалық зерттеулерді уақтылы жүргізуге, суды тазарту және залалсыздандыру режимдерінің сақталуын, сондай-ақ үй-жайлар мен жабдықтардың тиісті санитариялық жағдайын қамтамасыз етуге міндетті.
Бассейнге келушілер де жеке гигиенаның қарапайым ережелерін сақтауы қажет: бассейнге түсер алдында душ қабылдау, жеке гигиена құралдарын пайдалану және жұқпалы аурулардың белгілері байқалған жағдайда бассейнге барудан бас тарту.
Осылайша, санитариялық талаптарды сақтау, суды дұрыс залалсыздандыру және оның сапасына тұрақты зертханалық бақылау жүргізу жұқпалы аурулардың алдын алудың және бассейнге келушілердің денсаулығын сақтаудың маңызды шарттары болып табылады.
Таза әрі қауіпсіз су – бассейн әкімшілігі мен әрбір келушінің ортақ жауапкершілігі.
Қостанай облысының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті еске салады: бассейндерде санитариялық нормаларды сақтау – денсаулықты қорғаудың және жұқпалы аурулардың алдын алудың кепілі.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









