Тұмау — жыл сайын халық арасында таралып, жаппай сырқаттанушылыққа себеп болуы мүмкін жіті вирустық инфекция. Қарапайым суық тиюден айырмашылығы, тұмау көбіне ауыр өтеді және түрлі асқынуларға әкелуі мүмкін. Әсіресе балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер және созылмалы аурулары бар адамдар үшін оның қаупі жоғары.
Тұмаудың алдын алудың ең тиімді жолы — вакцинация. Вакцина егу маусымдық сырқаттанушылық өршімей тұрып иммунитет қалыптастыруға көмектеседі, сондай-ақ аурудың ауыр өту және асқыну қаупін айтарлықтай төмендетеді.
Тұмау вирустары үнемі өзгеріп отырады. Сондықтан вакциналардың құрамы айналымдағы вирус штамдарына сәйкес тұрақты түрде жаңартылып отырады. Вакцинация жыл сайын жүргізіледі, өйткені уақыт өте келе қалыптасқан иммундық қорғаныс әлсірейді, ал вирустың таралып жүрген штамдары өзгеруі мүмкін.
Маңызды жайт: тұмауға қарсы вакцина тұмау ауруын тудырмайды. Қазіргі вакциналардың құрамында иммундық жауап қалыптастыруға қажетті вирус компоненттері бар, алайда олар толыққанды инфекцияның дамуына себеп бола алмайды.
Вакцинацияға, әсіресе, ауруды жұқтыру және оның асқыну қаупі жоғары топтарға жататын адамдар ерекше назар аударуы керек. Олардың қатарында балалар, егде жастағы адамдар, жүкті әйелдер, созылмалы аурулары бар азаматтар, медицина қызметкерлері және инфекциямен байланысқа түсу қаупі жоғары басқа да адамдар бар.
Дегенмен вакцинация — тұмаудың алдын алудың жалғыз шарасы емес. Сырқаттанушылық өршіген кезеңде қолды үнемі сабындап жуу, бөлмелерді жиі желдету, мүмкіндігінше науқас адамдармен жақын қарым-қатынастан аулақ болу және тыныс алу гигиенасы ережелерін сақтау ұсынылады. Дене қызуының көтерілуі, жөтел, тамақтың ауыруы, әлсіздік және дененің сырқырауы сияқты ауру белгілері байқалған жағдайда, айналадағы адамдармен қарым-қатынасты шектеп, дер кезінде медициналық көмекке жүгіну қажет.
Әр адамның денсаулығын сақтау — бүкіл қоғамның саулығына қосылған үлес. Уақытылы вакцинациялау тек екпе алған адамның өзін ғана емес, тұмау ауыр зардаптарға әкелуі мүмкін айналасындағы адамдарды да қорғауға көмектеседі.
Аурудың эпидемиялық өршуі басталғанша алдын алу шараларын кейінге қалдырмаңыз. Тұмауға қарсы вакцинация — ауруды жұқтыру, ауыр асқынулардың даму және инфекцияның таралу қаупін төмендетудің қарапайым әрі қолжетімді тәсілі.Өзіңізді және жақындарыңызды қорғаңыз — тұмауға қарсы екпені уақытылы алыңыз!









