Радиациялық апат – ядролық-энергетикалық қондырғыларды, жабдықтарды немесе құрылғыларды қауіпсіз пайдалану талаптарының бұзылуы салдарынан радиоактивті заттардың немесе иондаушы сәулеленудің жобада белгіленген қауіпсіз шектен тыс таралуына әкелетін оқиға. Мұндай апат халықтың сәулеленуіне және қоршаған ортаның радиоактивті ластануына себеп болуы мүмкін.
Радиациялық апаттардың негізгі зақымдаушы факторлары – радиациялық әсер және радиоактивті ластану. Мұндай апаттар жарылыстармен және өрттермен қатар жүруі мүмкін.
Радиацияның адам ағзасына әсері әртүрлі мүшелердің, әсіресе қан түзу жүйесінің, жүйке жүйесінің және асқазан-ішек жолдарының қызметін бұзады. Иондаушы сәулеленудің әсерінен сәуле ауруы дамуы мүмкін.
Радиоактивті ластану альфа-, бета- және гамма-сәулеленумен байланысты. Апат кезінде ядролық реакцияға қатыспаған радиоактивті элементтер мен ядролардың бөліну өнімдері бөлініп шығып, қоршаған ортаны ластауы мүмкін. Сондай-ақ сәулеленудің әсерінен топырақ сияқты әртүрлі материалдар мен заттар радиоактивті ластануға ұшырайды.
Тұрғылықты жеріңізге жақын орналасқан радиациялық қауіпті нысандар туралы ақпарат алыңыз.
Азаматтық қорғау және төтенше жағдайлар жөніндегі жергілікті органдардан апат кезінде халықты хабардар ету тәсілдерін біліп, тиісті жабдықтардың жұмысқа жарамдылығын тексеріңіз.
Радиациялық апат кезіндегі іс-әрекет тәртібімен алдын ала танысыңыз.
Қажетті заттардың қорын дайындаңыз: саңылауларды бітеуге арналған материалдар, азық-түлік, ауызсу және жеке қорғаныс құралдары.
Егер сіз көшеде жүргенде радиациялық апат туралы хабар алсаңыз:тыныс алу мүшелерін орамалмен немесе шарфпен жауып, мүмкіндігінше тез арада ғимаратқа кіріңіз.Ғимаратқа кірген соң сыртқы киім мен аяқкиімді шешіп, оларды полиэтилен пакетке салыңыз.Мүмкіндік болса, душ қабылдап, дененің ашық жерлерін мұқият жуыңыз.Терезелер мен есіктерді жабыңыз. Желдеткіш жүйелерін өшіріп, терезе мен есік саңылауларын бітеңіз.Теледидар, радио немесе ресми ақпарат көздері арқылы төтенше жағдай қызметтерінің нұсқауларын тыңдаңыз.Суды жабық, таза ыдыстарға құйып қойыңыз. Ашық тағамдарды қаптап, ластану қаупінен қорғаңыз.
Тыныс алу мүшелерін қорғау үшін респираторды пайдаланыңыз. Ол болмаған жағдайда уақытша қорғаныс құралы ретінде бірнеше қабатталған мата қолдануға болады.
Бұқаралық ақпарат құралдары (БАҚ) немесе теледидар арқылы тиісті нұсқаулар берілген жағдайда, 7 күн бойы тәулігіне бір таблеткадан (0,125 г) калий йодидін қабылдау арқылы йодтық профилактика жүргізіңіз. 2 жасқа дейінгі балаларға таблетканың төрттен бір бөлігін (0,04 г) беріңіз.Калий йодиді болмаған жағдайда, йод ерітіндісін қолданыңыз: бір стақан суға 5%-дық йод ерітіндісінің 3–5 тамшысын қосыңыз. 2 жасқа дейінгі балаларға 1–2 тамшы қосыңыз.
Ағзаға радиоактивті заттардың әсерін болдырмау немесе бәсеңдету үшін:
- ғимараттан тек аса қажет болған жағдайда және қысқа уақытқа шығыңыз. Сыртқа шыққанда қорғаныс киімін, қолғап пен жабық аяқкиім киіңіз;
- ашық жерде киімді шешпеңіз, жерге отырмаңыз және темекі шекпеңіз;
- ашық су айдындарында шомылмаңыз, жабайы жидектер мен саңырауқұлақтарды жинамаңыз;
- үй маңындағы шаңның көтерілуін азайту үшін жерді абайлап ылғалдандырыңыз. Үй ішінде жуғыш заттарды пайдаланып, ылғалды тазалау жүргізіңіз;
- үйге кірер алдында аяқкиімді тазалап, сыртқы киімді дымқыл щеткамен сүртіңіз;
- суды тексерілген көздерден ғана ішіңіз, ал азық-түлік өнімдерін дүкендерден сатып алыңыз;
- тамақ ішер алдында қолыңызды мұқият жуыңыз және аузыңызды ас содасының 0,5%-дық ерітіндісімен шайыңыз.
Осы ұсынымдарды сақтау сәуле ауруының алдын алуға көмектеседі.
Эвакуацияға дайындалу кезінде жеке қорғаныс құралдарын, соның ішінде қолда бар құралдарды (жамылғыларды, үлдірден жасалған жамылғы-плащтарды, резеңке етіктер мен қолғаптарды) дайындаңыз. Чемоданға немесе рюкзакқа маусымға сай киім мен аяқкиім, бір тәулікке жететін азық-түлік қорын, ішкиім, құжаттар, ақша және басқа да қажетті заттарды салыңыз. Чемоданды (рюкзакты) полиэтилен үлдірмен ораңыз.
Эвакуация кезінде пәтерден шығарда барлық электр және газ құрылғыларын өшіріңіз. Тез бұзылатын азық-түлікті қоқыс жинайтын орынға шығарып тастаңыз. Есікке «№___ пәтерде ешкім жоқ» деген хабарландыру іліңіз.Көлікке отырғызу кезінде немесе жаяу жүргіншілер колоннасы құрылғанда эвакуациялық комиссияның өкіліне тіркеліңіз.Қауіпсіз аймаққа келген соң душ қабылдап, киіміңіз бен аяқкиіміңізді радиоактивті заттармен ластанбаған таза киім мен аяқкиімге ауыстырыңыз.









