Семіздік — ағзада май тінінің шамадан тыс жиналуымен сипатталатын, денсаулыққа қауіп төндіретін созылмалы, көп факторлы, гетерогенді ауру.
Бұл ауру 2-типті қант диабетінің, жүрек-қантамыр ауруларының және басқа да созылмалы патологиялардың даму қаупін арттырады. Оның дамуына теңгерімсіз тамақтану, дене белсенділігінің жеткіліксіздігі, күйзеліс, ұйқының бұзылуы және тұқым қуалайтын бейімділік әсер етеді.
Семіздіктің алдын алуда дұрыс тамақтануды, тұрақты дене белсенділігін және толыққанды ұйқыны қамтитын салауатты өмір салты маңызды рөл атқарады.
Дене салмағын қалыпты деңгейде сақтау үшін көкөністерді, жемістерді, тұтас дәнді дақылдардан жасалған өнімдерді және ақуыз көздерін көбірек тұтыну, тәттілерді, қант қосылған сусындарды, тұзды және қаныққан майларды тұтынуды шектеу ұсынылады. Сонымен қатар, тағамның порция мөлшерін бақылау және дұрыс тамақтанудың тұрақты әдеттерін қалыптастыру маңызды.
Тұрақты дене белсенділігі дене салмағын қалыпты деңгейде ұстауға және денсаулықты нығайтуға ықпал етеді. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы (ДДҰ) ересектерге аптасына кемінде 150–300 минут орташа қарқынды аэробтық дене белсенділігімен айналысуды ұсынады. Жаяу жүру, жүзу, велосипед тебу және дене қимылының басқа да түрлері белсенді өмір салтын ұстануға көмектеседі.
Ұйқының сапасы мен психологиялық жағдай да дене салмағына әсер етеді. Сондықтан күн тәртібін сақтау, толыққанды демалу және эмоционалдық әл-ауқатқа көңіл бөлу маңызды.
Балалар мен жасөспірімдер арасында семіздіктің алдын алудың маңызы ерекше. Отбасы мен білім беру ұйымдары дұрыс тамақтану және тұрақты дене белсенділігі әдеттерін қалыптастыруға ықпал етіп, денсаулықты сақтауға қолайлы жағдай жасайды.
Қажет болған жағдайда денсаулық жағдайын бағалау және жеке ұсыныстар алу үшін медицина мамандарына жүгіну қажет. Қатаң диеталарды ұстану және дене салмағын төмендетуге арналған препараттарды дәрігердің бақылауынсыз қолдану ұсынылмайды.
Тамақтанудың негізгі принциптері
- Көкөністер мен жемістерді тұтынуды арттыру.
- Тұтас дәнді дақылдардан жасалған өнімдерге басымдық беру.
- Рационға балықты, бұршақ тұқымдастарды және ақуыздың басқа да көздерін қосу.
- Тәттілерді, қант қосылған сусындарды, тұзды және қаныққан майларды тұтынуды шектеу.
- Тағам порциясының мөлшерін бақылау және теңгерімді тамақтану қағидаларын ұстану.
Салауатты әдеттерді біртіндеп қалыптастыру қатаң шектеулерге қарағанда тиімдірек және өмір бойы денсаулықты сақтауға ықпал етеді.








