Ұлытау облысының әкімі Есет Байкен халықаралық аренада жоғары нәтиже көрсетіп, өңіріміздің намысын абыроймен қорғап жүрген спортшылармен және олардың жаттықтырушыларымен кездесті.
Жезқазғандық Даяна Федосова Пара Азия ойындарының қола жүлдегері атанды. Жастар арасындағы бокстан әлем чемпионатында Жаңаарқа кентінің тумасы Владислав Саможонов күміс, ал жезқазғандық Индира Қыдырмолдаева қола медаль жеңіп алды.
Пара қол күресінен Жаңаарқа кентінің спортшылары да жоғары нәтижелерге қол жеткізді. Азамат Нұралиев ересектер арасында әлем чемпионы атанса, Асылжан Иманбаева жастар арасындағы әлем чемпионатында алтын медаль иеленді. Ал Ермек Смаилов ересектер арасындағы әлем чемпионатының күміс жүлдегері атанды.
Сондай-ақ, Сәтбаев қаласының спортшысы Неймат Асадов ересектер арасындағы аралас жекпе-жектен (ММА) әлем чемпионатында күміс медаль жеңіп алды.
Кездесу барысында облыс әкімі спортшылар мен олардың жаттықтырушыларын жетістіктерімен құттықтап, Ұлытау облысының намысын халықаралық деңгейде абыроймен қорғағаны үшін алғыс білдірді.
Бұл жетістіктердің әрқайсысы – тынымсыз еңбектің, табандылық пен үздіксіз ізденістің нәтижесі. Спортшыларды дайындауда кәсіби шеберлігі мен өз ісіне адалдығы ерекше рөл атқаратын жаттықтырушыларға айрықша ризашылығын жеткізді.
Дарынды спортшыларды қолдау, олардың кәсіби тұрғыдан өсуіне жағдай жасау және спорт инфрақұрылымын дамыту – облыстағы маңызды бағыттардың бірі болып қала береді.
Спортшыларымызға зор денсаулық, жаңа жетістіктер мен халықаралық жарыстарда толағай табыстар тілейміз!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









