№11 мекемесінде кәмелетке толмаған сотталғандарға психологиялық көмек көрсету жұмыстары жүргізілуде
Алматы қаласындағы кәмелетке толмаған сотталғандарды ұстауға арналған №11 мекемеде жасөспірімдерге психологиялық көмек көрсету, олардың эмоционалдық жағдайын қолдау, тұлғалық әлеуетін дамыту және қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде.
Аталған жұмысқа жоғары оқу орындарының мамандары, оқытушылар, жоғары курс студенттері мен магистранттар, сондай-ақ «Жан-Сая» дағдарыс орталығының психологтары тартылуда.
Осы ынтымақтастық аясында Narxoz университетінің «Әлеуметтік жұмыс» және «Психологиялық кеңес беру» білім беру бағдарламаларының 2-курс магистранттары кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған тренингтер өткізіп, жеке консультациялар ұйымдастырды. Жұмыс қауымдастырылған профессор Әлия Байзрахманованың жетекшілігімен жүзеге асырылды.
Сонымен қатар мекемеге Каспий қоғамдық университетінің «Клиникалық психология» мамандығы бойынша білім алатын 4-курс студенттері келді. ВШГН «Клиникалық психология» қауымдастырылған профессоры Әлия Байзрахманованың жетекшілігімен кәмелетке толмаған сотталғандарға психодиагностикалық зерттеу жүргізілді.
Абай атындағы Қазақ ұлттық педагогикалық университетінің педагогика және психология факультетінің оқытушылары мен студенттері де жасөспірімдерге арналған тренинг өткізді. Іс-шара оқытушылар Айнұр Дүйсенбаева мен Толқын Ынғайбекованың жетекшілігімен ұйымдастырылды.
Сондай-ақ «Жан-Сая» дағдарыс орталығының психологтары Маржан Ізтілеуова мен Мәдина Мағауя кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған тренинг өткізді. Тренинг барысында қатысушылардың сындарлы қарым-қатынас жасау, өзара құрмет, толеранттылық, мейірімділік және жауапкершілік дағдыларын дамытуға басымдық берілді. Іс-шара екі топта өткізіліп, барлығы 50 жасөспірімді қамтыды.
Өткізілген іс-шаралар кәмелетке толмағандардың психологиялық әлеуетін нығайтуға, жағымды өмірлік ұстанымдарын қалыптастыруға, өзін-өзі реттеу және қоршаған ортамен тиімді қарым-қатынас жасау дағдыларын дамытуға, сондай-ақ олардың қоғамға қайта бейімделуіне ықпал етеді.
Мұндай жұмыстар қайталама құқық бұзушылықтардың алдын алу және кәмелетке толмаған сотталғандардың әлеуметтік бейімделуін қамтамасыз ету тұрғысынан маңызды рөл атқарады.
Аталған бағыттағы жұмыстар жоғары оқу орындары мен дағдарыс орталығы мамандарының қатысуымен алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасын табады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









