Спорт – өзгерістерге бастар жол!
Алматы қаласы бойынша Қылмыстық-атқару жүйесі департаментінің №11 мекемесінде кәмелетке толмаған сотталғандарға арналған тағылымы мол мотивациялық кездесу ұйымдастырылды.
Іс-шараның басты мақсаты – жасөспірімдер арасында салауатты өмір салтын насихаттау, спортқа деген қызығушылықты арттыру, олардың бойында табандылық, жауапкершілік, тәртіп пен мақсатқа ұмтылу қасиеттерін қалыптастыру, сондай-ақ болашаққа деген сенімін нығайту.
Кездесудің құрметті қонақтары Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген жаттықтырушысы, халықаралық дәрежедегі спорт шебері Тлеумбетов Қанат Мағуянович және оның шәкірттері – Нусували Жәңгір мен Батырбеков Сұлтан болды.
Құрметті қонақтар жасөспірімдермен ашық сұхбат құрып, спорттағы өмірлік тәжірибелерімен, кәсіби жолдарында кездескен қиындықтарымен және жетістікке жету жолындағы еңбектерімен бөлісті. Олар үлкен нәтижелерге қол жеткізу үшін тек таланттың болуы жеткіліксіз екенін, ең бастысы – күнделікті еңбек, темірдей тәртіп, төзімділік және алға қойған мақсатқа деген адалдық қажет екенін атап өтті.
Әсіресе, спорттың адам мінезін қалыптастырудағы, ерік-жігерін шыңдаудағы және өмірлік ұстанымдарын нығайтудағы рөліне ерекше назар аударылды. Қонақтар әрбір жеңістің артында тынымсыз дайындық, табандылық пен өз-өзіңе деген сенім тұратынын жеткізді.
Кездесу барысында жасөспірімдер өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, қонақтармен еркін пікір алмасты. Спортшылардың өмірлік тәжірибесі мен жетістікке жету жолындағы әңгімелері қатысушыларға үлкен ой салып, жаңа мақсаттарға ұмтылуға жігер берді.
Мұндай кездесулердің тәрбиелік маңызы зор. Себебі жасөспірімдер үшін өмірде дұрыс бағыт-бағдар беретін, өзіне сенуге үйрететін және жақсы өзгерістерге шабыттандыратын тұлғалармен жүздесу ерекше әсер қалдырады. Спорт – тек физикалық дайындық пен жарыстағы жеңіс қана емес, ол адамның ішкі тәртібін, жауапкершілігін, төзімділігін және өмірге деген көзқарасын қалыптастыратын маңызды тәрбие құралы.
Іс-шараның негізгі идеясы – әрбір жасөспірімнің бойында өзгеруге, дамуға және қоғамның толыққанды мүшесі болуға деген ұмтылысты қалыптастыру. Өткен қателіктер адамның болашағын анықтамауы тиіс. Ең бастысы – өз кемшіліктерін түсініп, дұрыс қорытынды шығарып, алға қарай нық қадам жасау.
Осындай тағылымды кездесулер жасөспірімдерге жаңа мүмкіндіктердің бар екенін сезіндіріп, өз күшіне сенуге және жарқын болашаққа ұмтылуға жол ашады.
Өйткені спорт – жеңіске жетудің ғана емес, өзіңді жеңудің де жолы! Ал әрбір адам өмірін жақсы жаққа өзгертуге және жаңа парақтан бастауға лайық.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








