Алматы қаласы қаласы бойынша ҚАЖ департаментінде 2026 жылдың 9 айының қорытындысына арналған жиын өтті. Жиналғандар алдында сөз сөйлеген Департамент бастығы әділет полковнигі Ерлан Ұзақов өткен тоғыз айда атқарылған жұмыстарды қорытындылап, алдағы уақытқа арналған міндеттерге тоқталды.
ҚАЖ департаменті бастығының төрағалығымен өткен кеңесте жеке құрамға Ішкі істер министрлігінің алқа жиынында белгіленген негізгі міндеттер жеткізілді.
«Қылмыстық-атқару жүйесі саласының қызметкерлері өздеріне жүктелген жауапкершілікті терең сезініп жұмыс жасаулары керек. Бұл бүгінгі күннің басты талабы. біздің басты міндетіміз – заң мен тәртіп қағидаты аясында жауапкершілікпен қызмет атқару»-деді департамент басшысы.
Жиын барысында Алматы қаласындағы пробациялық бақылауда тұрған сотталғандармен жұмысқа баса көңіл бөлу керек екені атап өтілді. Пробация қызметінде жыл басынан бері 5300-ден аса сотталған пробациялық есептен өтсе, бүгінгі таңда 2700 сотталған есепте тұр. Олардың арасында қайталап қылмыс жасағандар бар. Осы кемшіліктерді жою үшін профилактикалық жұмыстарды күшейтудің маңызы зор.
Сонымен қатар республикадағы ең ірі тергеу изоляторы болып саналатын №72 мекемедегі тәртіпті қатаң қадағалау тапсырылды. Аталған мекемеде жыл басынан бері жалпы есебі 4500-ден астам күдіктілер ұсталған. Олардың арасындағы тәртіпті күшейту қажет екеніне баса назар аударылды.
Республикадағы жалғыз балалар колониясы да Алматы қаласы бойынша ҚАЖ департаментіне қарайды. Бүгінде сотталған балалардың тәрбиесіне ерекше көңіл бөлінеді. Мұнда балалар жалпы білім беретін орта мектепте, колледжде білім алады.
Аталған жиында кадр саясаты туралы мәселелер көтеріліп, кәсіби бағдар беру жұмыстарын кеңінен жүргізу тапсырылды.
Жиын барысында мекеме басшыларының есептері тыңдалып, жұмыс барысындағы кемшіліктер талқыланды. Сонымен қатар жиында заңдылық, тәртіп пен кадр саясатына және профилактикалық жұмыстарды күшейтуге баса назар аудару талап етілді.









