ТӨЛ ТЕҢГЕНІҢ ТАРИХЫ ТАНЫСТЫРЫЛДЫ

    1 / 10

    Шымкентте Ұлттық валюта – теңге күні мен Қаржы жүйесі қызметкерлерінің күніне орай қаржы саласының өкілдері бас қосты. Жиынға қаладағы екінші деңгейлі банктердің басшылары мен қызметкерлері, сала ардагерлері қатысты. Алдымен филиал директоры Ануар Ботанбеков мамандарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың ел экономикасының тұрақтылығын қамтамасыз етудегі еңбегіне тоқталды. Сондай-ақ бірқатар қызметкерге қала әкімінің алғыс хаттарын табыстап, өз атынан да үздік мамандарды марапаттады. Салтанатты рәсімде Ұлттық банктің Шымкент филиалының ардагері Анастасия Шегайға Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің «Құрметті ардагері» төсбелгісі берілді.

    Мерекелік іс-шара аясында төл теңгенің тарихы мен қалыптасу кезеңдерін таныстыратын көшпелі көрме ұйымдастырылды. Қазақстан Республикасы Мәдениет және ақпарат министрлігіне қарасты «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейі «Төл теңгеміз – тәуелсіздік нышаны» атты көрмені көпшілік назарына ұсынды. Онда музей қорындағы көне нумизматикалық жәдігерлер қойылды.

    Көрменің мазмұны мен мақсатына тоқталған «Ордабасы» ұлттық тарихи-мәдени қорық-музейінің директоры Досалы Амангелдиев төл теңгенің тарихын таныстырудағы маңызын атап өтті.

    – Көрмені ұйымдастырудағы мақсатымыз – Шымкент халқына төл теңгеміздің терең тарихын, әр кезеңдегі өзгерістері мен ерекшеліктерін таныстыру. Теңгенің қалыптасу тарихы халқымыздың өткен өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан бұл жәдігерлердің тарихи маңызы зор. Көрмеге еліміздің аумағынан табылған 100-ге жуық тарихи-археологиялық теңгені алып келдік, – деді ол.

    Ал филиал директоры Ануар Ботанбеков қаржы жүйесіндегі өзгерістер мен ұлттық валютаның даму бағыттарына тоқталды.

    – Бүгінде теңгеміздің мәртебесі өсті. Экономикамыз дамып келеді. Заман талабына сай қаржы саласында жаңа құралдар пайда болуда. Соның бірі – цифрлық теңге. Ол қазірдің өзінде айналымға еніп, жұмыс істеп жатыр. Ұлттық банктің ақша-кредит саясаты өз нәтижесін беруде. Инфляция деңгейі 9,2 пайызға дейін төмендеді. Әрине, алда атқарар жұмыс көп. Басты міндетіміз – инфляциямен күресу және ұлттық валютаның тұрақтылығын қамтамасыз ету. Алдағы мақсатымыз – инфляцияны 5 пайызға дейін төмендету, – деді Ануар Ботанбеков.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары