«ШЫМҚАЛА КЕШТЕРІ» ҚАЛА ТҰРҒЫНДАРЫНА РУХАНИ ДЕМАЛЫС СЫЙЛАДЫ

    1 / 5

    Шымкент қаласында тұрғындардың мәдени тынығуына мүмкіндік жасап, ұлттық өнер мен сахна мәдениетін кеңінен насихаттауға бағытталған «Шымқала кештері» концерттік бағдарламасы жалғасын тапты.

    Мәдени жоба аясында Қаратөбе және Сайрам мәдениет үйлерінде мазмұнды концерттік бағдарламалар ұйымдастырылып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй мен рухани әсер сыйлады.

    Атап айтқанда, Қаратөбе мәдениет үйінде Жұмат Шанин атындағы академиялық қазақ драма театрының өнерпаздары арнайы бағдарламасын ұсынып, театр өнерінің тағылымды қырларын көрермен назарына ұсынды. Сахна төрінде ұсынылған қойылымдық көріністер мен шығармашылық нөмірлер көрермендердің мәдени танымын кеңейтіп, театр өнеріне деген қызығушылығын арттыруға ықпал етті.

    Ал, Сайрам мәдениет үйінде Мәдени бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясының ұйымдастыруымен концерттік бағдарлама өтті. Кеш барысында өнерпаздар өз өнерлерін ортаға салып, жиналған қауымға әсем ән мен мазмұнды музыкалық тартулар ұсынды. Әрбір өнер көрсетілімінен ұлттық өнерге деген құрмет пен шығармашылық ізденіс айқын аңғарылды.

    Жалпы, «Шымқала кештері» жобасының басты мақсаты – қала тұрғындарының бос уақытын тиімді ұйымдастыру, мәдени іс-шаралардың қолжетімділігін арттыру, елді мекендердегі мәдени өмірдің жандануына серпін беру. Сонымен қатар, ұлттық өнерді ұлықтап, жас ұрпақтың рухани-эстетикалық талғамын қалыптастыруға да ерекше мән беріледі.

    Мұндай мәдени басқосулар тұрғындардың өнер ордаларымен байланысын нығайтып қана қоймай, шығармашылық ұжымдар мен көрермен арасындағы рухани сабақтастықты қалыптастырады. Қала аумағындағы мәдени шаралардың осылайша жүйелі ұйымдастырылуы Шымкенттің өнер мен мәдениетке бай шаһар ретіндегі келбетін де айшықтай түседі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары