Қаладағы жаңа атшабарда ҚР еңбек сіңірген жаттықтырушысы Шәмшидин Жарқынбекұлының 75 жылдығына арналған командалық көкпардан республикалық турнир бастау алды. 15–17 қараша аралығына жоспарланған дүбірлі додаға еліміздің әр өңірінен келген командалар бақ сынауда.
Бүгін командалар сапқа тұрып, турнирдің салтанатты ашылу рәсімі өтті. Қалалық дене шынықтыру және спорт басқармасы басшысының орынбасары Ермек Дәрменов турнирдің басты мақсаты ұлттық спортты дәріптеу, көкпар ойынын дамыту, өңірлер арасындағы спорттық байланысты нығайту және жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттыру екенін айтып, жарысты ашып берді.
Жарыс екі айналым бойынша ұйымдастырылады. Алғашқы кезеңде командалар жеребе тарту арқылы екі топқа бөлініп, өзара бақ сынайды. Әр топта бірінші орын алған командалар турнир жеңімпазын анықтау үшін финалда кездессе, екінші орын иеленген ұжымдар үшінші орынға таласады.
Ертең республикалық турнирдің финалдық ойыны өткізіледі. Жарыс қорытындысы бойынша жеңімпаздар мен жүлдегерлер марапатталады. Турнирдің жалпы жүлде қоры – 10 миллион теңге. Атап айтқанда, І орын иегеріне 5 000 000 теңге, ІІ орынға 2 500 000 теңге және ІІІ орын – 1 000 000 теңге қаржылай сыйақылар беріледі.
Сонымен қатар, жекелеген номинациялар бойынша «Үздік шабуылшы ат», «Үздік қорғаушы ат» және «Үздік ойыншы» анықталып, әрқайсысына 300 мың теңгеден арнайы жүлделер табысталады.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









