Шымкентте композитор, әнші Құралай Сәтмұхамбеттің шығармашылығына арналған «Ән тербеген әлем» атты жеке ән кеші өтті. «Түркістан» сарайында ұйымдастырылған рухани шараға өнер иесінің шығармашылығын бағалайтын зиялы қауым өкілдері, әріптестері, жақындары мен қала тұрғындары жиналды.
Кештің басты мақсаты – қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбасын қалдырған композитордың шығармашылығын дәріптеу, ән әлеміндегі еңбегіне құрмет көрсету және оның туындыларын кеңінен насихаттау.
Құралай Сәтмұхамбетова – Қазақстан Композиторлар одағының мүшесі, 150-ден астам әннің авторы. Оның шығармашылық қоржынында лирикалық сезімге, туған жерге деген сағынышқа, анаға деген құрмет пен отансүйгіштікке арналған әуезді туындылар аз емес. Композитордың әндері қазақ эстрадасында өзіндік орнын қалыптастырып, талай тыңдарманның жүрегінен жол тапқан.
Атап айтқанда, Ханбибі Есенғараеваның сөзіне жазылған «Алтынай» әні Ұлықпан Жолдасовтың орындауында кеңінен танылса, Қуанышбек Төлеметовтің сөзіне жазылған «Әппақ гүлдер» туындысын Ақбота Керімбекованың орындауында көпшілік сүйіп тыңдайды. Сондай-ақ, ақын Аманжол Шәмкеновтің сөзіне жазылған «Ару ана», туған жерге деген сағынышты жеткізетін «Ауылға барам», сезім сырын тербейтін «Сені көргім келеді де тұрады», патриоттық рухтағы «Елім аман», «Арман – әнім» сынды әндері де тыңдарманға жақсы таныс.
Сахна төрінде композитордың өмірі мен шығармашылық жолынан сыр шертіліп, әндері кезекпен орындалды. Әр туындының астарында жатқан сезім мен сыр, әуеннің нәзіктігі кештің мазмұнын байыта түсті. Өнер иесінің әндері арқылы көрермен бірде сағынышқа бөленіп, бірде шаттыққа кенеліп, бірде туған ел мен анаға деген ыстық ықыласты сезінді.
Мерейтойлық кеште қала әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы сахнаға көтеріліп, қала әкімінің ыстық ықыласы мен құттықтауын жеткізді. Ол мереке иесіне арналған құттықтау хатты салтанатты түрде оқып, композитордың иығына дәстүрлі қазақы шапан жапты.
– Бүгінгі мерейлі мерекеңіз құтты болсын! Сізді осындай жарқын белеске жетуіңізбен шын жүректен құттықтаймын! Деніңізге саулық, отбасыңызға амандық, шығармашылығыңызға толағай табыс тілеймін. Әрдайым осылай жарқырап, өнердің биігінен көріне беріңіз!
Сіз – қазақ музыка өнеріне өзіндік қолтаңбаңызды қалдырған, жүрекке жететін әсем әндерімен ел ықыласына бөленген жансыз. Әндеріңіз талай тыңдарманның көңілінен орын алып, халықтың рухани қазынасына айналып келеді. Бұл – жылдар бойғы тынымсыз еңбегіңіз бен өнерге деген адалдығыңыздың жемісі,- деді ол.
Шапан жабу рәсімі де қазақы дәстүрдің жарасымды жалғасы ретінде қабылданып, мереке иесіне көрсетілген құрметтің айқын көрінісіне айналды.
Сондай-ақ, кеш барысында Қазақ авторлар қоғамының төрағасы Байғали Есеналиев те Құралай Сәтмұхамбетованың қазақ музыка өнеріне сіңірген еңбегіне тоқталып, композиторға «Ән әлемінің аққуы» төсбелгісін салтанатты түрде табыстады.
– Құралай – әнмен тербеткен әлемнің иесі. Оның өнер жолы – қазақ музыка мәдениетінің бір бөлшегі. Әндері талай ұрпақтың жүрегіне жол тауып, қазақ даласын әуенмен тербеді. Осындай өнер иесінің еңбегін лайықты бағалап, есімін ел жадында жаңғырту – бүгінгі ұрпақтың парызы.
Өнер адамының биігі атақпен де, орденмен де өлшенбейді. Оның шын бағасын халықтың ықыласы мен шығармашылығының ғұмыры айқындайды. Сондықтан Құралайдың өнердегі орнына лайықты құрмет көрсетіліп, еңбегі ел алдында бағалануы керек, – деді.
Жалпы, «Ән тербеген әлем» кеші тек ән мен әуенге құрылған концерт қана емес, қазақ музыкасына еңбегі сіңген өнер иесіне көрсетілген тағзым болды. Әндері арқылы талай жүрекке қуаныш пен сағыныш сыйлаған композитордың шығармашылық жолы тағы бір мәрте сараланып, еңбегі көпшілік алдында лайықты бағасын алды.
Кеш соңында көрермендер Құралай Сәтмұхамбетоваға ізгі тілектерін арнап, шығармашылық табыс пен ұзақ ғұмыр тіледі. Өнер иесі де өзіне көрсетілген құрмет пен ықыласқа алғысын білдірді. Әуенмен өрілген әсерлі кеш көпшілік жадында жарқын сәттерімен сақталды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









