ШЫМКЕНТТІКТЕР ЖҮРЕГІ АТАЖҰРТ ДЕП СОҚҚАН БАУЫРЛАРМЕН ҚАУЫШТЫ

    1 / 7

    Шымкент қаласында шетелдегі қазақ диаспорасы өкілдеріне арналған «Киелі Қазақстан» танымдық экскурсиясы аясында дөңгелек үстел өтті. Басқосуда тарихи Отанмен байланысты нығайту, ұлттық тарих пен мәдени мұраны насихаттау, сондай-ақ, шетелдегі қандастармен мәдени-гуманитарлық ынтымақтастықты дамыту мәселелері талқыланды.

    Жиынға Шымкент қаласы әкімінің орынбасары Сәрсен Абайұлы Құранбек, «Отандастар қоры» КЕАҚ президенті Ырысқали Рақымұлы Дәуренбек, қор қызметкерлері және шетелден келген қазақ диаспорасының өкілдері қатысты.

    Кездесуді ашқан Сәрсен Абайұлы мұндай басқосулардың мән-маңызына тоқталып, шетелде тұратын қандастардың тарихи Отанымен байланысын сақтау мен нығайтудың маңызын атап өтті.

    – Бүгінгі басқосу – жай ғана басқосу емес. Бұл – алыста жүрсе де жүрегі Атажұрт деп соғатын бауырларымызбен қауышудың, ой бөлісудің, бір-бірімізді жақынырақ танудың алтын көпірі. Қазақ халқы қашан да алыста жүрсең де, атажұртыңды ұмытпауды өсиет еткен. Сіздердің бүгін Шымкентке келіп, «Киелі Қазақстан» бағдарламасына қатысып отырғандарыңыз – сол өсиеттің жалғасы, туған елге деген сағыныштың, перзенттік махаббаттың дәлелі, – деді Сәрсен Абайұлы.

    Сондай-ақ, ол «Отандастар қоры» жүзеге асырып отырған «Киелі Қазақстан» жобасының рухани маңызына ерекше тоқталды. Оның айтуынша, экскурсияның мақсаты тек тарихи орындарды аралаумен шектелмейді. Бұл – ата-баба мұрасын танып, ұлттық тарих пен мәдениетті тереңірек сезінуге мүмкіндік беретін тағылымды бастама.

    Кездесу барысында «Отандастар қорының» негізгі қызмет бағыттары, жүзеге асырылып жатқан жобалары мен алдағы жоспарлары таныстырылды. Қатысушылар шетелдегі қазақ жастарының ана тіліне, ұлттық салт-дәстүрге деген қызығушылығын арттыру, тарихи-мәдени мұраны кейінгі ұрпаққа жеткізу және мәдени-гуманитарлық байланыстарды кеңейту жөнінде пікір алмасты.

    Дөңгелек үстел аясында қандастардың ұсыныс-пікірлері тыңдалып, өзара тәжірибе алмасуға мүмкіндік туды. Мұндай кездесулер шетелдегі отандастардың тарихи Отанына деген ықыласын арттырып қана қоймай, ортақ құндылықтар төңірегінде топтасуына және рухани сабақтастықтың нығаюына жол ашады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары