Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдері барлық аудан тұрғындарымен кездесіп, өзекті мәселелерді ашық диалог алаңында талқылап, олардың шешілуіне ықпал ету жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеров Төлеби ауданының тұрғындарымен кездесіп, ұсыныс-пікірлерін тыңдап, сұрақтарына жауап берді. Жиында ауданның әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері мен өңірде атқарылған жұмыстар талқыланды.
Кездесу барысында облыс әкімі Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Жаңа тарихи кезеңдегі Қазақстанның өзекті міндеттері» атты Жолдауында айқындалған басым бағыттарға тоқталды.
– Мемлекет басшысы Жолдауда экономиканы дамыту, халықтың әл-ауқатын арттыру және реформаларды жалғастыру міндеттерімен қатар, инфрақұрылым қалыптастыруға басымдық беріп, барлық өңірде ауқымды құрылыс жұмыстарын бастап, жандандыру қажеттігін атап өтті. Бұл міндеттерді жүзеге асыруда өңірлердің рөлі ерекше. Біздің басты мақсатымыз – инвестиция тарту, жаңа жұмыс орындарын ашу, әлеуметтік инфрақұрылымды жақсарту және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру. Бүгінгі кездесу осы бағыттағы жұмыстарды саралап, алдағы міндеттерді айқындауға және сіздердің мәселелеріңізді ашық талқылауға мүмкіндік береді, – деді Нұралхан Көшеров.
2026 жылдың 9 айында Төлеби ауданында жалпы өңірлік өнім көлемі 146 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 109,8 пайызды құрады. Өнеркәсіп өнімінің көлемі 55,3 млрд теңгеге жетіп, нақты көлем индексі 104,1 пайыз болды. Оның ішінде өңдеу өнеркәсібінің өнім көлемі 49,7 млрд теңгені құрады. Негізгі капиталға салынған инвестиция көлемі 37,4 млрд теңгеге жетті. Құрылыс жұмыстарының көлемі 15,1 млрд теңгені құрап, пайдалануға берілген тұрғын үй көлемі 34,8 мың шаршы метр болды. Ал ауыл шаруашылығы өнімінің көлемі 45,9 млрд теңгені құрады.
«Ауыл – Ел бесігі» жобасы аясында өткен жылы Төлеби ауданындағы 11 елді мекенде жалпы құны 1,2 млрд теңгені құрайтын 7 жоба жүзеге асырылды. Балдыберек, Жаңакүш, Тағайна, Жаңажол, Киелітас, Достық, Ынтымақ және Біркөлік елді мекендеріндегі 14 көшеге (16,8 шақырым, 484,4 млн теңге) және аудандық маңызы бар КХТЛ-30 «Бейнеткеш» елді мекеніне кіреберіс жолға (4,4 шақырым, 291,3 млн теңге) асфальт төсеу жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 95,2 пайызға жетті. Сонымен қатар Көксәйек елді мекеніндегі спорт кешені пайдалануға берілді. Момынай елді мекеніндегі спорт кешенінің құрылысы желтоқсан айында аяқталып, нысан пайдалануға беріледі.
Биыл Зағамбар елді мекеніндегі мектеп күрделі жөндеуден өтті. Ынтымақ елді мекеніндегі 150 орындық мектептің құрылысы аяқталып, 1 қыркүйекте пайдалануға берілді. Сондай-ақ Көксәйек және Тасарық ауылдық округтеріне қарасты 4 елді мекеннің 12 көшесіне электр желілерін тарту және трансформаторлар орнату жұмыстары биыл аяқталады.
Бұдан бөлек, Төлеби ауданында ауыз сумен жабдықтау инфрақұрылымын дамыту бағытында жалпы құны 11,6 млрд теңгені құрайтын 7 ірі жоба жүзеге асырылуда. Абай, Ақбастау, Мәдени, Кеңесарық және Бірінші Мамыр елді мекендерінде су құбырларын тартуға, Балдыберек ауылында су тазарту имаратын салуға және Ленгір қаласының ауыз су мәселесін шешуге 1,1 млрд теңге қарастырылған.
Сонымен қатар 2027 жылы «Энергетикалық және коммуналдық секторларды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында Жоғарғы Қасқасу елді мекенінде ауыз су құбырын салу жоспарлануда. «Ауыл аманаты» бағдарламасы аясында 67 жобаны іске асыруға 574 млн теңге бөлінді.
Ленгір қаласындағы «Төле би баба» музейінің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен қаржы бөлініп, нысан пайдалануға берілді. Ал Киелітас елді мекеніндегі мәдениет үйінің құрылысын аяқтауға облыстық бюджеттен 100 млн теңге бөлінді. Нысанды желтоқсан айында пайдалануға беру жоспарланған.
Кездесу барысында өткен жылы тұрғындармен өткен кездесуде көтерілген өзекті мәселелердің орындалу барысы да қаралды. Былтыр тұрғындар тарапынан 12 мәселе көтеріліп, оның 11-і шешімін тапқан. Қалған бір мәселе бойынша тиісті жұмыстар жүргізілуде.
Жиында аудан әкімі Еркеғали Амантайұлы Төлеби ауданында атқарылып жатқан жұмыстар мен алдағы жоспарлар туралы баяндады.
Кездесу соңында тұрғындар өздерін толғандырған мәселелерді көтеріп, ұсыныс-пікірлерін білдірді. Облыс әкімі қойылған сұрақтарға жауап беріп, көтерілген мәселелердің шешілу барысын бақылауда ұстайтынын жеткізді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









