ШЫМКЕНТТЕ 300-ГЕ ЖУЫҚ ӘННІҢ АВТОРЫ КОНЦЕРТ БЕРДІ

    1 / 7

    Көпшілік сүйіп тыңдайтын әндердің әуенін кім жазғанын біле бермейді. Кейде әнді орындаушының есімі есте қалғанымен, сол туындыны дүниеге әкелген сазгер назардан тыс қалып жатады. Шымкентте өткен шығармашылық кеш осы тұрғыдан маңызды болды. «Қызғалдақ» сарайында сазгер әрі әнші Абзал Молдабековтің жеке шығармашылық кеші өтіп, көрермен оның туындыларымен қайта қауышты.

    Белгілі композитор осы уақытқа дейін 300-ге жуық ән жазған. Оның шығармаларында туған жерге деген сағыныш, достық, махаббат, анаға құрмет пен адамдық қарым-қатынас тақырыптары кеңінен көрініс тапқан. Сазгердің әндерін әр жылдары түрлі орындаушы өз репертуарына қосып, тыңдарманға жеткізді. Бұл жолы сол әндердің бірқатары автордың жеке шығармашылық кешінде қайта орындалды.

    Кешті «Яссы» би ансамблі «Шашу» биімен ашты. Одан кейін Абзал Молдабековтің өзі сахнаға шығып, «Досым», «Ауылым», «Гитара» әндерін шырқады. «Qazaq Groove Project» вокалды-аспаптық ансамблінің сүйемелдеуімен орындалған туырдылар көрерменнің көңілінен шықты.

    Кештің жалғасында оның туындыларын орындау үшін қазақ эстрадасының белгілі әншілері сахнаға шықты. Кеңес Әлімжан «Бозторғай ана», «Ғашықпын саған» әндерін шырқаса, Заттыбек Көпбосынұлы «Ұлыма» туындысын орындады. Қамар Сұлу «Ана» әнін жеткізді. Нұржан Төлендиев, Сәуіржан Төлеш, Еркін Нұржанов, Ғазизхан Шекербеков, Қарлығаш Бейсенбаева, Аягөз Сейсенбек, Ғазизхан Шекербеков және өзге де өнерпаздар кештің көркін қыздырды.

    Сахнада әр әннің өз тыңдарманы бар екені байқалды. Бірі туған жерге деген сағынышты оятса, енді бірі анаға, бауырға, досқа деген сезімді жеткізді. Дінмұхаммед пен Дана дуэті «Шымкент жақтанбыз» әнін орындап, жергілікті көрерменнің ықыласына бөленді. Ал Мейрамбек Бесбаев пен Ернар Айдардың дуэті жиналған қауымның ерекше қошеметіне ие болды. Олар «Мен сені ұмытпаймын» және «Сен жоқта» әндерін бірге орындады.

    Концерт соңында Ернар Айдар мен «Яссы» би ансамблі «Тамаша» әнін шырқап, кешті түйіндеді. Сөйтіп, көрермен бір кештің ішінде түрлі орындаушының дауысымен орындалған әндерді тыңдап, сол туындылардың артында тұрған сазгердің шығармашылық әлеміне жақындай түсті.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары