Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты аудан прокуратурасы және полиция басқармасымен бірлесіп, қоғамдық тәртіпті сақтау, құқық бұзушылықтардың алдын алу және тұрғындардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында түнгі рейдтік іс-шара өткізді.
Рейд барысында ведомствоаралық топ қоғамдық тамақтану және демалыс орындарын, атап айтқанда, кафелерді, мейрамханаларды, түнгі клубтар мен ойын-сауық орталықтарын, сондай-ақ, тәуліктік жалға берілетін пәтерлерді тексерді.
«Бүгін Әл-Фараби ауданы аумағында кешкі рейдтік іс-шара ұйымдастырдық. Тексеру барысында кәмелетке толмағандардың кешкі уақытта жүру тәртібі, ойын-сауық орталықтарындағы түнгі тыныштықтың сақталуы, сондай-ақ тәуліктік жалға берілетін пәтерлер бақылауға алынды. Басты мақсатымыз – аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету», – деді Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданы әкімінің аппараты бөлімінің басшысы Бахтияр Салиев.
Рейд кезінде жасөспірімдердің қауіпсіздігіне ерекше назар аударылды. Атап айтқанда, түнгі уақытта заңды өкілдерінің еріп жүруінсіз көшеде немесе қоғамдық орындарда жүрген кәмелетке толмағандар анықталды.
Сонымен қатар, ойын-сауық орталықтарының жұмысы тексеріліп, кальян тұтыну, тыйым салынған заттарды пайдалану және тыныштық режимін бұзу деректерінің жолын кесу шаралары жүргізілді.
Іс-шара аясында құқықтық түсіндіру жұмыстарына да басымдық берілді. Кәсіпкерлік нысандарының иелерімен, келушілермен және жастармен қолданыстағы заңнама талаптарын сақтау, құқық бұзушылықтар үшін жауапкершілік туралы профилактикалық әңгімелер өткізілді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









