ШЫМҚАЛАДА МӘДЕНИ КЕШТЕР ЛЕГІ БАСТАЛДЫ

    1 / 8

    Шымкентте қала тұрғындарының мәдени демалысын ұйымдастыруға, өнер мен шығармашылықты насихаттауға бағытталған «Шымқала кештері» жобасы аясында алғашқы мәдени іс-шаралар өтті. Бүгін қаладағы Ақжар және Өтеміс мәдениет үйлерінде ұйымдастырылған кештерге тұрғындар жиналып, театр өнері мен концерттік бағдарламаларды тамашалады.

    Мәдени жобаның негізгі мақсаты – қала тұрғындарының бос уақытын мазмұнды өткізуіне мүмкіндік жасау, өнер ұжымдарының шығармашылығын кеңінен таныту және мәдени шараларды көпшілікке қолжетімді ету. Осы бағытта ұйымдастырылған бүгінгі қос мәдени кеш көрермендерге мазмұны мен бағыты жағынан әртүрлі өнер түрлерін ұсынды.

    Атап айтқанда, Ақжар мәдениет үйінде Шымкент қалалық әзіл-сықақ және сатира театрының арнайы бағдарламасы ұсынылды. Театр әртістері сахна төрінде әзіл мен сатираға негізделген қойылымдарын көпшілік назарына ұсынып, көрермендерге көтеріңкі көңіл күй сыйлады. Қоғамдық өмір мен күнделікті тұрмыста кездесетін түрлі жағдайларды астарлы әзіл арқылы жеткізетін сатиралық қойылымдар көрерменді күлкіге кенелтіп қана қоймай, ой салатын мазмұнымен де ерекшеленді.

    Сахналық көріністер арқылы адам бойындағы түрлі мінез-құлық, қоғамдағы кейбір келеңсіздіктер мен өмірлік құбылыстар әзіл тілімен өрнектелді. Бұл – сатира өнерінің басты ерекшелігі. Өйткені, күлкі арқылы кемшілікті көрсету, көрерменді ойландыру және жақсы қасиеттерді дәріптеу театр өнерінің тәрбиелік мәнін айқындай түседі.

    Ал, Өтеміс мәдениет үйінде Мәдени бұқаралық іс-шараларды ұйымдастыру дирекциясының мәдени бағдарламасы өтті. Кеш барысында өнерпаздар концерттік нөмірлерін ұсынып, жиналған қауымға әуезді әндер мен мазмұнды өнер көрсетілімдерін тарту етті. Музыкалық бағдарлама мәдени басқосудың ажарын ашып, тұрғындардың рухани тынығуына мүмкіндік берді. Әртүрлі өнер үлгілерінің бір арнаға тоғысуы кештің мазмұнын байытып, көрермендерге ерекше әсер сыйлады.

    Жалпы, екі мәдениет үйінде өткен шаралар тұрғындардың өнерге деген қызығушылығын арттырып, шығармашылық ұжымдар мен жергілікті жұртшылықтың арасындағы байланысты нығайтуға бағытталды. Әсіресе, мәдени іс-шаралардың қала аумағындағы мәдениет үйлерінде ұйымдастырылуы өнерді тек орталықта ғана емес, тұрғындар шоғырланған аумақтарда да кеңінен насихаттауға жол ашады.

    Айта кетейік, «Шымқала кештері» жобасы алдағы уақытта да жалғасып, қала тұрғындарына түрлі мәдени бағдарламалар ұсынылады. Бастама аясында ұлттық өнерді дәріптеу, театр шығармашылығын таныту және халықтың мәдени тынығуына жағдай жасау көзделген.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Шымкент қаласының ішкі саясат басқармасы" КММ" жаңалықтары