Қазақстан Грекиядағы халықаралық көрмеде туристік әлеуетін таныстырды

    1 / 6

    Салоники, 2026 жылғы 16 қараша– Қазақстан 13-15 қараша аралығында Салоники халықаралық көрме және конгресс орталығында өткен «Philoxenia – Hotelia 2026» 41-ші халықаралық туристік көрмесінде өзінің бай туристік әлеуетін таныстырды. Қазақстанның ұлттық стендінде грек жұртшылығы мен халықаралық туризм саласының өкілдеріне еліміздің бірегей табиғи көрікті жерлері, тарихи-мәдени мұрасы, сондай-ақ туристік бағыттары мен саяхат бағдарларының алуан түрлілігі ұсынылды.

    Ұлттық стендтің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Қазақстанның Грекиядағы Елшісі Тимур Сұлтанғожин туризм саласын дамыту екі ел арасындағы ұзақ мерзімді әріптестікті нығайтудың маңызды бағыттарының бірі екенін атап өтті. Оның айтуынша, Қазақстан шетелдік туристер мен халықаралық бизнес үшін тартымды орталыққа айналып, саяхаттауға, инвестиция салуға және іскерлік ынтымақтастықты дамытуға кең мүмкіндіктер ұсынып келеді.

    Елші Қазақстан Республикасының Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында айқындалған басымдықтардың бірі – туристік және көлік инфрақұрылымын жаңғырту мәселесіне ерекше назар аударды. Ол туристік алмасуды кеңейту екі ел халықтары арасындағы мәдени байланыстар мен өзара түсіністікті нығайтуға ықпал ететінін атап өтті. Сонымен қатар екі мемлекеттің өңірлері мен іскерлік топтары арасындағы ынтымақтастықты жандандыру туризм және қонақжайлылық салаларында бірлескен жобаларды жүзеге асыруға жаңа мүмкіндіктер ашатынын жеткізді.

    Ұлттық стендтің ашылу рәсіміне «TIF-HELEXPO» президенті Христос Цендемеидис те қатысты. Қазақстанның ұлттық стендін еліміздің Грекиядағы Елшілігі Қазақстанның Салоники қаласындағы Құрметті консулы Яннис Малкояннистің қолдауымен ұйымдастырды. Стендті дайындау және еліміздің туристік мүмкіндіктерін таныстыру жұмыстарына қазақстандық диаспора өкілдері мен жергілікті жоғары оқу орындарында білім алып жатқан қазақстандық студенттер белсенді атсалысты. Бұл отандастарымыздың Қазақстанның шетелдегі оң бейнесін қалыптастыруға және нығайтуға қосып отырған үлесінің тағы бір көрінісі болды.

    Салоники қаласына жұмыс сапары аясында Қазақстан Елшісі жергілікті іскерлік топтардың өкілдерімен бірқатар кездесулер өткізді. Тараптар Қазақстан мен Грекия арасындағы ынтымақтастықты одан әрі дамыту мүмкіндіктерін, оның ішінде іскерлік байланыстарды кеңейту және туризм саласында жаңа әріптестік қатынастар орнату мәселелерін талқылады.

    Қазақстанның «Philoxenia – Hotelia 2026» көрмесіне қатысуы еліміздің туристік әлеуетін Грекия мен халықаралық нарықтарда кеңінен танытуға, оның бірегей мүмкіндіктерін насихаттауға және туризм саласының өкілдерімен кәсіби байланыстарды нығайтуға маңызды мүмкіндік берді.

    «Philoxenia – Hotelia» өңірдегі ең ірі халықаралық туристік көрмелердің бірі болып саналады. Биыл көрмеге 47 елден 20 мыңнан астам адам келді. Бұл Қазақстанның туристік әлеуетін кең халықаралық аудиторияға таныстыруға қолайлы жағдай жасады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Грек Республикасындағы Елшілігі" жаңалықтары