Қаражалда тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын датчиктер орнатылды

    1 / 3

    Қаражал қаласында жылыту маусымында өрт қауіпсіздігін қамтамасыз ету және төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында профилактикалық іс-шара ұйымдастырылды, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.

    Іс-шараға Қаражал қаласының төтенше жағдайлар және полиция бөлімдерінің, жергілікті атқарушы органдардың қызметкерлері мен жас еріктілер қатысты.

    Профилактикалық жұмыс барысында тұрғындарға өрт қауіпсіздігі талаптарын сақтау, пештерді, газ және электр жылыту құрылғыларын дұрыс пайдалану жөнінде түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

    Атап айтқанда, мамандар пеш жағу кезіндегі қауіпсіздік шаралары, электр желілеріне шамадан тыс жүктеме түсірмеу және улы газдан уланудың алдын алу жолдары туралы ақпарат берді. Сондай-ақ тұрғындарға арнайы жадынамалар таратылды.

    Сонымен қатар іс-шара аясында тұрғын үйлерге улы газды анықтайтын арнайы датчиктер орнатылып, оларды пайдалану тәртібі түсіндірілді. Бұл құрылғылар ауадағы улы газдың қауіпті мөлшерін дер кезінде анықтап, тұрғындарға ескерту беруге арналған.

    Мұндай профилактикалық шаралар жылыту маусымында өрт оқиғалары мен улы газдан улану қаупін азайтуға бағытталған.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Ұлытау облысының әкімдігі" жаңалықтары