Саяхатшылар үшін тартымдылық пен қолайлылықтың жаңартылған жаһандық рейтингінің қорытындысы бойынша Қазақстан Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығы елдері арасында қайтадан көшбасшы деп танылды. Жалпыәлемдік есепте 110 мемлекеттің ішінен республика мүмкін болған 7 балдан 4,09 балл жинап, 56-орынды иеленді.
Зерттеуді Visual Capitalist талдау платформасы Дүниежүзілік экономикалық форум (ДЭФ) сарапшылары есептейтін Туризм мен саяхатты дамытудың өзекті индексі (TTDI) негізінде дайындады.
Қазақстанның негізгі артықшылықтары Халықаралық талдаушылардың жоғары бағасын бірнеше негізгі бағыт бойынша теңдестірілген көрсеткіштер қамтамасыз етті. Қазақстан ең жоғары балды келесі санаттар бойынша алды:
Баға қолжетімділігі және туристік қызметтердің бәсекеге қабілеттілігі;
Цифрландыру, денсаулық сақтау және гигиена деңгейі;
Табиғи және мәдени көрікті жерлердің байлығы;
Туристік инфрақұрылым сапасы, сервис деңгейі және жалпы қауіпсіздік.
ТМД елдерінің рейтингтегі орны Өңірлік бөліністе Қазақстан 2026 жылғы зерттеуге енген барлық жақын көршілерін басып озды:
Қазақстан — әлемде 56-орын (4,09 балл)
Әзербайжан — 58-орын (4,07 балл)
Армения — 72-орын (3,81 балл)
Өзбекстан — 76-орын (3,69 балл)
Қырғызстан — 93-орын (3,44 балл)
Индустрияның әлемдік көшбасшылары мен аутсайдерлері 2026 жылы жаһандық рейтингтің бірінші жолын Жапония иеленіп, өткен жылғы нәтижесін 5,08-ден 5,27 балға дейін жақсартты. Әлемдегі ең қолайлы бағыттардың үштігіне сондай-ақ АҚШ (5,23 балл) және Испания (5,22 балл) кірді. Одан әрі топ-10 қатарында Аустралия (5,18), Франция (5,17), Германия (5,09), Ұлыбритания (5,08), Қытай (5,00), Швейцария (4,97) және Италия (4,93) орналасты.
Жаһандық тізімді туристік инфрақұрылымы ең әлсіз дамыған мемлекеттер — Мали (2,75 балл), Сьерра-Леоне (2,91 балл) және Камерун (3,05 балл) түйіндейді.
Зерттеу туралы анықтама Дүниежүзілік экономикалық форумның Туризм және саяхат индексі (TTDI) бес базалық санатқа (қолайлы орта, мемлекеттік саясат және визалық ашықтық, инфрақұрылым және сервис, табиғи-мәдени ресурстар, сондай-ақ саланы дамытудың тұрақтылығы) біріктірілген 17 бағыт бойынша 102 көрсеткішті талдау негізінде қалыптастырылады. Бүгінде туризм әлемдік ЖІӨ-нің шамамен 10%-ын құрайды және көлік пен байланыстан бастап сауда мен құрылысқа дейінгі экономиканың аралас секторларын ынталандыра отырып, планетаның әрбір оныншы тұрғынын жұмыс орындарымен қамтамасыз етеді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









