Мирас Төлебаев ШҚО тұрғындарымен туризм мен спортты дамыту мәселелерін талқылады

    1 / 6

    ҚР Туризм және спорт вице-министрі Мирас Төлебаев Шығыс Қазақстан облысының тұрғындарымен кездесті.Іс-шараға облыс әкімінің орынбасары Ренат Құрманбаев, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері, туризм саласындағы кәсіпкерлер, спортшылар мен бапкерлер қатысты.

    Кездесу барысында туристік және спорттық инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту, балалар-жасөспірімдер мен бұқаралық спортты қолдау, сондай-ақ өңірдің туристік тартымдылығын арттыру мәселелері талқыланды.

    «Шығыс Қазақстанның қайталанбас табиғаты мен бай спорттық дәстүрлері бар. Біздің міндетіміз — бұл әлеуетті тиімді пайдалану, инфрақұрылымды дамыту, инвестициялар тарту және демалыс пен спортпен шұғылдану үшін жайлы жағдай жасау. Іске асырылып жатқан жобалар өңір тұрғындары үшін нақты нәтиже беруі маңызды», — деп атап өтті Мирас Төлебаев.

    2026 жылдың бірінші жартыжылдығында облыстың орналастыру орындарында 189 мың ішкі және 6,7 мың шетелдік туристке қызмет көрсетілді. Тоғыз айда туризм саласына 11,8 млрд теңге инвестиция тартылды.

    Өңірде жаңа туристік жобалар іске асырылуда. Биыл Monotel қонақүй кешені мен Ular Park капсулалық отель ашылды, 218 орындық Wellness Resort санаторийінің құрылысы жүріп жатыр. Forest Hills және «Алтайские Альпы» курорттарының тау-шаңғы инфрақұрылымы дамып келеді. Жыл соңына дейін Зайсан және Катонқарағай аудандарындағы әуежайларды пайдалануға беру жоспарланған.

    Спорт саласында облыста 1 658 нысан жұмыс істейді, олардың мыңнан астамы ауылдық жерлерде орналасқан. Дене шынықтыру және спортпен 314 мың тұрғын немесе халықтың 45%-ы жүйелі түрде айналысады.

    Биыл Айнабұлақ және Жарсу ауылдарында спорттық модульдер ашылды. Алты елді мекенде дене шынықтыру-сауықтыру кешендерінің құрылысы жалғасуда. Өскеменде ипподром мен волейбол орталығының жобалары іске асырылуда, үсті жабық футбол стадионын салу жоспарланып отыр.

    Кездесу соңында тұрғындар туризмді дамыту, кәсіпкерлікті мемлекеттік қолдау, спорт нысандарының құрылысы және балалар спортының қолжетімділігі туралы сұрақтар қойды. Көтерілген мәселелер бойынша тиісті түсініктемелер берілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Шығыс Қазақстан облысының туризм және инвестиция басқармасы" жаңалықтары