2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жеке табыс салығын (ЖТС) есептеу табыстың жекелеген түрлері бойынша сараланған салық мөлшерлемелері мен прогрессивті салық салу шкаласын ескере отырып жүзеге асырылады.
2026 жылы ЖТС мөлшерлемелерін қолдану тәртібі
Салық төлеушілердің санатына және алынған табыстың түріне қарай 2026 жылы жеке табыс салығының мынадай мөлшерлемелері қолданылады:
Жеке тұлғалар мен жұмыскерлердің табыстары бойынша:
• 10% - күнтізбелік жылдағы табыс 8 500 АЕК-ке дейін болған жағдайда;
• 15% - 8 500 АЕК-тен асатын табыс сомасына қолданылады.
Жеке практикамен айналысатын тұлғалардың (жеке нотариустардың, жеке сот орындаушыларының, адвокаттар мен медиаторлардың) табыстарына 9% мөлшерінде ЖТС мөлшерлемесі қолданылады. Бұл ретте кәсіптік шегерімдер қолданылмайды.
Дивидендтер түріндегі табыстар бойынша:
• 5% - 230 000 АЕК-ке дейінгі табыс сомасына;
• 15% - белгіленген шектен асатын табыс сомасына қолданылады.
Жалпыға бірдей белгіленген салық салу режимін (ЖБР) қолданатын жеке кәсіпкерлердің табыстары бойынша:
• 10% - 230 000 АЕК шегіндегі табыс сомасына;
• 15% - белгіленген шектен асатын табыс сомасына қолданылады.
Прогрессивті салық салу шкаласын қолдану кезінде 15% мөлшеріндегі жоғарылатылған салық мөлшерлемесі табыстың барлық сомасына емес, тек белгіленген шектен асатын бөлігіне ғана есептелетінін атап өткен жөн.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









