1 / 12
Түркістан қаласының әкімі Әзімбек Пазылбекұлы Ибрахим ата көшесінде орналасқан №9 кәріз сорғы станциясындағы (КНС-9) құрылыс жұмыстарымен танысты.
Жарты ғасырдан астам уақыт пайдаланылған кәріз инфрақұрылымын жаңарту Ұлттық жоба аясында жүзеге асырылуда. Жұмыстардың негізгі мақсаты – тозығы жеткен желілерді заманауи жүйеге ауыстырып, қаланың инженерлік инфрақұрылымының сенімділігін арттыру.
Қазіргі таңда диаметрі 400 мм болатын ескі металл құбырлардың орнына диаметрі 630 мм жаңа полиэтилен құбырлары төселуде. Бүгінге дейін 198 метр құбыр дәнекерленіп, 160 метрі жер астына орналастырылды. Сонымен қатар, авариялық кәріз сорғы станциясының құрылысы жүргізіліп, 13 метр тереңдіктегі қазаншұңқырдың 10 метріне дейін қазу жұмыстары орындалды.
Нысандағы құрылыс-монтаж жұмыстарына 4 арнайы техника мен 15 жұмысшы жұмылдырылған. Құбыр желілерін жаңартумен қатар, станцияның ішкі жабдықтары мен инженерлік құрылымдары да қайта жаңғыртылуда.
Әзімбек Пазылбекұлы құрылыс барысын аралап, мердігер мекеме өкілдеріне бірқатар ескертулер жасап, жаяужүргіншілер мен көлік жолын ретке келтіруді тапсырды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









