Қазақстан қаржыгерлерінің XIV конгресі аясында оған қатысушылар Қазақстанның капитал нарығын қайта іске қосуды талқылады. Зейнетақы активтерін басқару дамудың негізгі факторы ретінде айқындалған. Сессияның модераторы Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Төрағасының орынбасары Нұржан Тұрсынханов болды. Талқылауға БЖЗҚ, KASE, инвестициялық компаниялар басшылары да қатысты.
Талқылау барысында Мемлекет басшысының тапсырмасымен Агенттік Ұлттық Банкпен бірлесіп әзірлеген Капитал нарығын дамытудың 2026-2030 жылдарға арналған бағдарламасын іске асыру шеңберінде дәл осы зейнетақы активтерін басқару жүйесін реформалауға ерекше назар аударылатыны атап өтілді.
Нұржан Тұрсынханов атап өткендей, бүгінгі таңда елдің зейнетақы активтері 27 трлн теңгеден асады, бұл ұзақ мерзімді ішкі капиталдың ең ірі көзі болып табылады. Бұл ретте қаражаттың 99%-ға жуығы Ұлттық Банктің басқаруында, ал жеке басқарушылардың үлесі шамамен 1%-ды немесе 268,1 млрд теңгені құрайды. Қолданыстағы модель зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен сақталуын қамтамасыз етті. Сонымен қатар нарықты одан әрі дамыту инвестициялық стратегияларды әртараптандыруды, кәсіби қатысушылар аясын кеңейтуді және қаржы құралдарына деген сұраныстың қосымша көздерін қалыптастыруды талап етеді.
Қор нарығының айтарлықтай өсуіне қарамастан, өтімділіктің төмен болу мәселесі өзекті болып қала береді. Мұндай жағдайларда зейнетақы активтерін басқарудың бәсекелестік индустриясын дамыту нарық өтімділігін арттыру тетіктерінің бірі ретінде қарастырылады.
Реформа екі негізгі бағытты қарастырады. Біріншісі – басқарушылар мен инвестициялық стратегияларды өз бетінше таңдауда салымшылардың мүмкіндіктерін кеңейту. Осы бағыт аясында бірқатар шаралар жүзеге асырылды. Алғашқы нәтижелер азаматтардың жаңа модельге деген қызығушылығының артып келе жатқанын көрсетеді.
2026 жылдың басынан бастап жеке басқарушылардың басқаруымен зейнетақы активтерінің көлемі 88,5 млрд теңгеден 268,1 млрд теңгеге дейін, яғни үш еседен астам ұлғайды. Жеке басқарушылардың қызметтерін пайдаланған салымшылар саны 106 мың адамнан асты.
Екінші бағыт – зейнетақы активтерін мандатты басқаруды енгізу. Нұржан Тұрсынханов атап өткендей, Ұлттық Банк конкурстық негізде кәсіби басқарушыларды іріктеп, оларға зейнетақы портфелінің бір бөлігін басқаруға береді. Басқарушылар қаражатты алдын ала белгіленген қағидалар мен талаптарды қамтитын мандат шеңберінде инвестициялайды. Атап айтқанда, қаражатты қандай активтерге инвестициялауға болатыны, тәуекелдің жол берілетін деңгейі және қол жеткізілуге тиіс кірістілік деңгейі алдын ала айқындалады. Бұл ретте зейнетақы активтері Ұлттық Банктің бақылауында қалады, ал басқарушылардың қызметіне тұрақты мониторинг жүргізіледі.
Салымшылар үшін ештеңе өзгермейді: оларға басқарушыны өз бетінше таңдау немесе қаражатын аудару қажет емес. Активтерді беру процесі кезең-кезеңімен, бастапқыда мемлекеттік бағалы қағаздардан басталады. Мандаттық басқаруды енгізу активтерді басқарудың бәсекеге қабілетті индустриясын қалыптастыруды жеделдетуге, кәсіби басқарушылардың қаржы нарығына қатысу аясын кеңейтуге және отандық қор нарығын дамытуға қосымша ынталандырулар жасауға мүмкіндік береді.
Бұл ретте зейнетақы жинақтарының сенімділігі мен сақталуы, тәуелсіз бақылау және басқарушылардың инвестициялау нәтижелері үшін жауапкершілігі негізгі қағидаттар болып қала береді. Реформаның стратегиялық мақсаты – 2030 жылға қарай жеке басқарушылардың басқаруындағы зейнетақы активтерінің үлесін 20–30% -ға дейін жеткізу. Бұл ұзақ мерзімді капиталдың триллиондаған теңгесін бәсекелестік негізде басқаруға беруге мүмкіндік береді. Реформа ішкі жинақтарды пайдалану тиімділігін арттыруға және оларды ұлттық экономиканы қаржыландыруға тартуға бағытталған.
Сонымен қатар зейнетақы активтерін бәсекелестік ортада басқаруды дамыту нарықтық инфрақұрылымды одан әрі жетілдірумен, қаржы құралдарының түрлерін кеңейтумен және эмитенттердің сапасын арттырумен қатар жүзеге асырылатын болады.
Сыртқы коммуникациялар басқармасы
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









