Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) әмбебап банк лицензиясын алды және Қазақстандағы исламдық терезесі бар алғашқы банк болды

    1 / 2

    Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ-қа банк перацияларын және өзге де операцияларды жүзеге асыруға әмбебап банк лицензиясын, сондай-ақ банктің әмбебап банк лицензиясы бар исламдық банк операцияларын жүзеге асыруға арналған лицензия берді.

    Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің Төрағасы Мәдина Әбілқасымова лицензияны Қазақстан қаржыгерлері конгресінің алаңында өткен салтанатты рәсім барысында табыс етті.

    Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan) «исламдық терезе» тетігін пайдалана отырып,бір банк шеңберінде дәстүрлі және исламдық банк қызметін жүзеге асыру құқығын алған Қазақстандағы алғашқы банк болды.

    Дәстүрлі және исламдық банк қызметін қоса атқару мүмкіндігі
    2026 жылғы 16 қаңтарда қабылданған «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасының жаңа Заңында көзделген.


    Қазақстанда алғаш ретәмбебап банк клиенттерге жеке ислам банкін құру қажеттілігінсіз исламдық қаржыландыру қағидаттарына сәйкес келетін дәстүрлі банк өнімдерін де, қаржы құралдарын да ұсына алады. Бұл халық пен бизнес үшін қаржылық қызметтерді таңдауды кеңейтеді және елімізде исламдық қаржыландырудың дамуына ықпал ететін болады.

    Abu Dhabi Commercial Bank-тің Қазақстан нарығына шығуы Мемлекет басшысының банк секторындағы бәсекелестікті кеңейту мақсатында шетелдік банктерді тарту жөніндегі тапсырмасын іске асыру шеңберінде жүзеге асырылады.

    Abu Dhabi Commercial Bank (ADCB) активтері бойынша Біріккен Араб Әмірліктерінің үшінші ірі банкі болып табылады. 2026 жылғы 30 қыркүйектегі жағдай бойынша 2026 жылдың тоғыз айында банк тобының активтері
    242,3 млрд АҚШ долларын, меншікті капиталы 24,8 млрд АҚШ долларын, таза кірісі 2,8 млрд АҚШ долларын құрады.


    Банктің S&P Global Ratings және Fitch Ratings халықаралық рейтингтік агенттіктерінің «Тұрақты» болжамымен инвестициялық деңгейдегі «А+» ұзақ мерзімді кредиттік рейтингтері бар. ADCB акцияларының бақылау пакеті (60,77%) Абу-Даби Үкіметіне Mubadala Investment Company мемлекеттік инвестициялық компаниясы арқылы тиесілі.

    Бұған дейін Агенттік Басқармасының 2026 жылғы 20 наурыздағы
    № 8 қаулысымен Банкке «Abu Dhabi Commercial Bank (Kazakhstan)» АҚ ашуға № 263 рұқсат берілді. Банкті мемлекеттік тіркеу 2026 жылғы 20 сәуірде жүзеге асырылды.


    Банк лицензияларын беру шетелдік қатысумен жаңа банк құру рәсімін аяқтайды және оған Қазақстан Республикасында банк қызметін жүзеге асыру құқығын береді.

    Қазақстан нарығында ірі халықаралық банк тобының қатысуын кеңейту бәсекелестікті дамыту, банктік қызмет көрсету сапасын арттыру және халық пен бизнестің қаржылық қызметтерге қолжетімділігін кеңейту үшін қосымша жағдайлар жасайды. ADCB халықаралық тәжірибесі мен қаржылық мүмкіндіктерін пайдалану Қазақстанның банк секторын дамытуға және экономикасын қаржыландыру көздерін кеңейтуге ықпал ететін болады.



    Сыртқы коммуникациялар басқармасы

    +7 (727) 237-10-89

    [email protected]

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі" жаңалықтары