Балқаш қаласында «Тұлпар мініп, ту алған!» жыр сайысының қалалық кезеңі қорытындыланды. Сайыс 10 қарашада Ағыбай батыр атындағы оқушылар сарайында өтті. Жас жыршылар Сүлеймен Жанбыршин нұсқасындағы «Алпамыс батыр» жырын жатқа айтып, өнер көрсетті.
Жүлдегерлер:
🥇 І орын – Серікбай Жансезім, Сәкен Сейфуллин атындағы №7 мектеп-гимназия, 150 000 теңге
🥈 ІІ орын – Алгамжанова Сара, Абай атындағы №2 мектеп-лицей, 100 000 теңге
🥉 ІІІ орын – Раимова Айша, Әл-Фараби атындағы мектеп, 70 000 теңге
Қарағанды облысы әкімдігінің қолдауымен, облыстық тілдерді дамыту басқармасының ұйымдастыруымен өтіп жатқан байқауға қаланың 16 мектебінен 690 оқушы мен 322 мұғалім тіркелді. Мектепішілік кезеңнен өткен 90-нан аса үздік оқушы қалалық кезеңде өнер көрсетті.
Оқушылардың өнерін бағалаған қазылар алқасының төрағасы – Саржан Уахитұлы Такиров, Е.А. Бөкетов атындағы Қарағанды ұлттық зерттеу университеті қазақ әдебиеті кафедрасының қауымдастырылған профессоры, филология ғылымдарының кандидаты. Алқа құрамында:
* Қуандық Мақсұтұлы Саденов – жергілікті ақын, сазгер, журналист, өлкетанушы және Қазақстан Журналистер одағының мүшесі;
* Балшырын Қожырқызы Мұхаметжанова – Балқаш қаласы орталықтандырылған кітапхана жүйесінің директоры, ҚР мәдениет саласының үздігі;
* Гүлшара Дәрібекқызы Дәрібек – Балқаш қалалық білім саласының ардагері, Ы. Алтынсарин медалінің иегері.
Байқаудың мақсаты – жас ұрпаққа қазақтың рухани мұрасын жеткізу, халық ауыз әдебиетін таныту, сөйлеу мәдениетін дамыту, патриоттық сезімді арттыру және мемлекеттік тілдің қолданыс аясын кеңейту.
Қалалық кезеңнің жеңімпаздары 9 желтоқсанда сағат 11:00-де Қарағанды қаласында өтетін облыстық кезеңде өнер көрсетеді.
Барша қатысушыға сәттілік тілейміз!
#ТұлпарМініпТуАлған #ҚазақТілі #ҚарағандыОблысы #АлпамысБатырЖыры #QazaqEpos2026
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









