Күнделікті қылмыстардың ашылғаны туралы жедел ақпараттардың артында полиция қызметкерлерінің ғана емес, олардың төрт аяқты көмекшілерінің де тынымсыз еңбегі жатыр.
Павлодар облысы ПД Кинологиялық орталығында түрлі тұқымдағы 16 қызметтік ит бар. Олардың басым бөлігі – полиция қызметінде өзін жақсы қырынан танытқан неміс овчаркалары, лабрадорлар, спаниельдер және бельгиялық овчаркалар.
Қызметтік иттердің күн тәртібі мұқият жоспарланған. Әр таң ветеринардың тексеруінен басталады. Одан кейін иттер өздерінің қызметтік бағыты бойынша арнайы дайындықтан өтеді.
- Жыл басынан бері төрт аяқты көмекшілердің қатысуымен 214 қылмыс ашылды, оның 78-і есірткі қылмыстары. Кинологиялық қызмет орталығының қызметтік иттері жедел-тергеу топтарының құрамында тәулік бойы кезекшілік атқарады, – дейді Павлодар облысы ПД Кинологиялық қызмет орталығының бастығы Нияз Валиев.
Мәселен, Ж-Альдо атты қызметтік ит Кенжекөл ауылында орын алған ұрлық қылмысын ашуға көмектесті. Полицияның кезекші бөліміне үстіне бидон орнатылған арбаның ұрланғаны туралы хабарлама келіп түскен. Оқиға орнына келген полиция қызметкерлері күдіктіні жақын маңнан анықтаған. Алайда ер адам ұрлыққа қатысы барын жоққа шығарып, жасаған әрекетін мойындамаған. Күдікті ұрлық жасағаннан кейін қай бағытта жүргенін анықтау мақсатында қызметтік итті іске қосу туралы шешім қабылданды. Полиция қызметкерлері итке иісті сәйкестендіру үшін күдіктінің аяқ киімін ұсынды.
Қызметтік ит оқиға орнынан иіс ізін алып, кинологты сенімді түрде ізбен бастап жүріп, жеке үйлердің біріне алып келді. Сол үйдің ауласынан ұрланған арбаны бидонымен бірге тапты. Үй иесінің айтуынша, арбаны оған күдікті әкеліп, бір бөтелке араққа айырбастап кеткен.
Кинолог пен қызметтік иттің кәсіби жұмысының нәтижесінде ұрланған мүлік табылып, заңды иесіне қайтарылды. Бұл жағдай қызметтік иттің полиция қызметкерлерінің сенімді көмекшісі екенін тағы бір мәрте дәлелдеді. Оның арнайы дайындығы, өткір иіс сезу қабілеті және иіс ізімен жұмыс істей алуы қылмыстарды ашуда маңызды рөл атқарады.
Төрт аяқты, түкті де сүйкімді серіктеріміздің адалдығы мен батылдығы, әсіресе мықты иіс сезу қабілеті ең күрделі әрі шатасқан қылмыстарды ашуға көмектесе берсін!
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









