Кенжебаевтар отбасы – «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауының жеңімпазы

    Қазақстанда жыл сайын отбасы институтын нығайтуға, дәстүрлі отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, ата-аналардың өскелең ұрпақты тәрбиелеудегі рөлін арттыруға және ұрпақтар сабақтастығын сақтауға бағытталған маңызды қоғамдық жоба – «Мерейлі отбасы» ұлттық байқауы өткізіледі.
    Биылғы байқауда Павлодар облысын республикалық деңгейде Ақтоғай ауданы полиция бөлімінің жергілікті полиция қызметі бөлімшесінің учаскелік полиция инспекторының көмекшісі Исабек Кенжебаевтың отбасы лайықты таныстырды.
    Байқаудың басты мақсаты – берік отбасылық қарым-қатынастың, еңбекқорлықтың, өзара сыйластықтың, рухани-адамгершілік тәрбиенің және белсенді азаматтық ұстанымның жарқын үлгісін көрсетіп жүрген отбасыларды анықтап, атап өту.
    Байқауға қатысу үлкен дайындықты талап етті. Қатысушы отбасылар өз әулетінің тарихын, ата-аналарының өмір жолын, отбасылық дәстүрлерін, балалары мен немерелерінің жетістіктерін, кәсіби табыстарын, қоғамдық қызметін және туған өлкенің дамуына қосқан үлесін таныстыруы тиіс болды.
    Кенжебаевтар отбасы байқау талаптарына сәйкес отбасы шежіресін, отбасы мүшелерінің жетістіктері туралы мәліметтерді, әр буын өкілдерінің фотосуреттерін, құжаттар мен марапаттарды, отбасылық дәстүрлер туралы материалдарды, ата-тегін және бейнепрезентацияны қамтитын толық материалдар топтамасын ұсынды. Байқауға ұсынылған барлық материалдар отбасының тарихын, өмірлік ұстанымдарын, рухани құндылықтарын және лайықты ұрпақ тәрбиелеудегі көп жылғы тәжірибесін көрсетті.
    Отбасының тарихы 1982 жылдан басталады. Сол жылдың қараша айында Бектемір мен Шайза Кенжебаевтар шаңырақ көтерді. 44 жылға жуық бірге ғұмыр кешкен ерлі-зайыптылар бес бала – төрт ұл мен бір қыз тәрбиелеп өсірді. Бүгінде олардың отбасылық бақыты он немеренің өмірімен жалғасып келеді.
    Отбасылық өмірдің негізі – өзара сыйластық, еңбекқорлық, туған жерге деген сүйіспеншілік, үлкенді құрметтеу және кішіге қамқорлық. Ерлі-зайыптылар немерелерінің тәрбиесіне, білім алуына, рухани және дене дамуына ерекше көңіл бөледі.
    Отбасында ұлттық салт-дәстүрлер мен әдет-ғұрыптар қастерлі сақталады. Сондай игі дәстүрлердің бірі – туған-туыстар мен жақындарды бір дастархан басына жинайтын жұма күнгі дастархан. Кенжебаевтар отбасы қонақжайлығымен, игі істерімен және жас ұрпаққа адамгершіліктің озық қасиеттерін дарытуға деген ұмтылысымен де танымал.
    Полиция саласында жиырма жылға жуық еңбек еткен учаскелік полиция инспекторы Исабек Кенжебаев қызмет барысында көп тәжірибе жинақтады. Ол өз мамандығын алғашқы күндерден-ақ жақсы көрді. Бүгінде де полиция қызметіне деген сүйіспеншілігі мен мақтанышы сол қалпында. Қызметіне жауапкершілікпен қарап, азаматтардың тыныштығын басты орынға қояды.
    «Біздің жұмысымыз – азаматтардың тыныштығын қамтамасыз ету» – Исабек Кенжебаевтың өмірлік әрі қызметтік ұстанымы.
    Жұбайы Айнаш мектепте бастауыш сынып мұғалімі және тәрбие ісі жөніндегі директордың орынбасары болып еңбек етеді. Үлкен қызы Жансая – екінші курс студенті. Ұлы Саят пен қызы Айару мектепте білім алуда.
    Кенжебаевтар – берекелі де тату отбасы. Мұнда балалардың тәрбиесіне, білім алуына, жан-жақты дамуына және азаматтық жауапкершілігін қалыптастыруға ерекше мән беріледі. Ата-ананың қамқорлығы мен қолдауының арқасында балалар білімді, мәдениетті әрі мақсатшыл болып өсіп келеді.
    «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық байқауындағы жеңіс – отбасы тарихының лайықты таныстырылуының, ата-ананың көп жылғы еңбегінің, берік отбасылық құндылықтардың және ұрпақтар сабақтастығының нәтижесі.
    Байқау аясында әр отбасыға құрметті мүсінше мен 2 миллион теңге көлеміндегі сертификат табысталды.
    – Мен үшін отбасындағы ең басты құндылық – ауызбіршілік. Отбасында бірлік, махаббат пен өзара түсіністік болса, өмір де әдемі болады. Алла Тағала маған үлкен бақыт – үлкен отбасын, сүйікті жұмысымды және тамаша балаларымды сыйлады. Бүгінгі марапат мен үшін, ең алдымен, бүкіл отбасымыздың ортақ жеңісі. Мен үшін отбасымыздағы әр адамның бір-біріне деген сүйіспеншілікпен, құрметпен және қамқорлықпен өмір сүріп жатқанын көруден асқан бақыт жоқ. Нағыз отбасылық бақыт дегеніміз де осы, – дейді Исабек Кенжебаев.
    Бұл жоғары марапат Кенжебаевтар отбасының ғана емес, Ақелбек ауылының, Ақтоғай ауданының және күллі Павлодар облысы тұрғындарының да мақтанышына айналды.
    Кенжебаевтар отбасы – отбасының шынайы құндылығы бірлікте, сүйіспеншілікте, өзара құрметте, балаларға лайықты тәрбие беруде және халқымыздың рухани мұрасын сақтауда екенін көрсететін жарқын үлгі.
    «Мерейлі отбасы – мерейлі елдің тірегі!»

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Полиция департаменті" жаңалықтары