Павлодар өңірінде қауіпсіздік белдігін тақпау – жол қозғалысы ережелерін жиі бұзушылықтардың бірі. Бүгінгі таңда қауіпсіздік белдігін тақпай көлік басқарған 9 мыңға жуық жүргізуші әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Бұл туралы Павлодар облысы Полиция департаменті хабарлайды.
Мәселен, Павлодар қаласында Сәтбаев көшесінде «Toyota» маркалы автокөлік тоқтатылды. Тексеру барысында жүргізушінің қауіпсіздік белдігін тақпағаны анықталды. Құқық бұзушы әкімшілік жауапкершілікке тартылды.
Полиция қызметкерлері көлік қозғалысын бастамас бұрын міндетті түрде қауіпсіздік белдігін тағу қажеттігін тағы да еске салады. Сонымен қатар барлық жолаушының белдік таққанына көз жеткізу, балаларды тасымалдау кезінде арнайы ұстап тұратын құрылғыларды пайдалану маңызды.
Айта кету керек, жолаушылардың қауіпсіздік белдігін тақпауына қатысты жауапкершілік жүргізушіге жүктеледі. Егер жолаушы белдік тағудан бас тартса, әкімшілік айыппұл жүргізушіге салынады. Бұл талап балаларды тасымалдау кезінде де маңызды. Балаларға арналған автокресло немесе өзге де арнайы ұстап тұратын құрылғы болмаған жағдайда да жауапкершілік жүргізушіге жүктеледі.
Сондықтан көлікке отырған әрбір жолаушыдан бірден қауіпсіздік белдігін тағуды сұрау пайдалы әдетке айналуы тиіс.
Жолда мұқият болып, жол қозғалысы ережелерін сақтаңыздар! Бұл сапарларыңыздың қауіпсіздігін қамтамасыз етіп қана қоймай, әкімшілік жауапкершіліктен де сақтайды.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.








