Орталық коммуникациялар қызметінде Қазақстанның су шаруашылығы инфрақұрылымын дамыту жөніндегі Мемлекет басшысының тапсырмаларының орындалу барысы туралы Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Салимов мәлімдеді.
2024-2025 жылдары жалпы ұзындығы 1,4 мың шақырымнан асатын 190 каналды, бес су қоймасын, сегіз гидротехникалық құрылысты және ауыз сумен жабдықтаудың 22 нысанын реконструкциялау жұмыстары жүргізілді. Нәтижесінде 321 елді мекен немесе 945 мыңнан астам адам қамтылды.
Қазіргі уақытта 4,6 мың шақырымнан астам каналда жұмыстар жүргізіліп жатыр. Оның ішінде 2026 жылы 962 шақырым каналды жөндеу жоспарланған. Бұл шамамен 200 мың гектар суармалы жерді сумен қамтамасыз етуді жақсартуға мүмкіндік береді. 2030 жылға қарай каналдардағы су шығынын 50 пайыздан 25 пайызға дейін қысқарту – стратегиялық мақсаттардың бірі.
Биыл ауыз сумен жабдықтау нысандарын салу және реконструкциялау бойынша тағы 12 жобаны аяқтау көзделген. Олар 142 ауылдық елді мекенді немесе шамамен 540 мың адамды қамтиды.
Сонымен қатар Түркістан облысында жалпы сыйымдылығы 69,1 млн текше метр болатын екі су қоймасының құрылысы аяқталуға жақын. Сондай-ақ Жамбыл, Батыс Қазақстан және Қызылорда облыстарында үш жаңа су қоймасын салу үшін мердігер ұйымдарды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр.
«Түркістан облысындағы Көксарай контрреттегішін реконструкциялау үшін мердігер ұйымды анықтау бойынша конкурстық рәсімдер жүргізіліп жатыр. Сондай-ақ сегіз су қоймасын реконструкциялау бойынша конкурстық рәсімдерді бастауға дайындық жұмыстары қолға алынды. Жамбыл, Түркістан, Қызылорда, Батыс Қазақстан, Алматы және Жетісу облыстарында жалпы ұзындығы 979 шақырым болатын ирригация каналдарын реконструкциялау бойынша құрылыс-монтаж жұмыстары басталды», – деді Су ресурстары және ирригация вице-министрі Жандос Сәлімов.
Келесі жылы Ақмола облысында көлемі 873 млн текше метр болатын Есіл контрреттегішінің құрылысын бастау жоспарланып отыр.
Министрлік Түркістан және Қызылорда облыстарында «Солтүстік Арал теңізі және ирригация жүйелерін жаңғырту» жобасын іске асыру жұмыстарын да жүргізіп жатыр. Жобаның бірінші кезеңінде 131 жобадан тұратын тізім жасалды.
Жобалар аясында Көкарал бөгетін реконструкциялау, 2,2 мың шақырым каналды қалпына келтіру және 1,4 мың шақырым суару жүйесін автоматтандыру көзделген. Бұл жұмыстардың негізгі мақсаты – Арал маңындағы су ресурстарының көлемін ұлғайту және тұрақтандыру арқылы Солтүстік Арал теңізінің экологиялық жағдайын жақсарту.
Биыл 82 коммуналдық және 36 республикалық маңызы бар су шаруашылығы нысанында көпфакторлы тексеру жүргізіліп жатыр. Барлық жұмысты жыл соңына дейін аяқтау жоспарланған. Жалпы, 2030 жылға дейін осындай тексерулер 557 нысанда өткізіледі.
Каналдарды механикалық тәсілмен тазарту жұмыстарының қарқыны да артып келеді. 2025 жылы 1 840 шақырым канал тазартылды. Ал 2026 жылдың басынан бері 2 342 шақырым канал тазартылып үлгерді.
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









