Державинск қаласының жас суретшілері «Өнер керуені» республикалық байқауында жеңімпаз атанды

    Астана қаласында «RE_SOL_STAR» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен «Өнер керуені» республикалық байқауы өтті. Аталған байқауға Державинск қаласындағы Балалар мен жасөспірімдер шығармашылығы орталығының тәрбиеленушілері қатысып, «Бейнелеу өнері» номинациясы бойынша Жарқайың ауданының намысын абыроймен қорғады.

    BI Art Music Hall ғимаратында өткен байқауға еліміздің түрлі өңірлерінен жас өнерпаздар жиналды. Державинск қаласының атынан орталықтың алты тәрбиеленушісі екі жас санаты бойынша қатысты: кіші топ (7–10 жас) және орта топ (11–14 жас).

    Байқауға майлы бояумен кенепке салынған алты шығармашылық жұмыс ұсынылды. Жас суретшілердің туындыларында қазақ халқының ұлттық дәстүрлері мен мәдениеті, сондай-ақ тауыс құсы бейнеленген сәндік-көркем композициялар көрініс тапты.

    Қатысушылардың жұмыстарын «Шабыт» өнер университетінің оқытушылары, шығармашылық колледждердің педагогтері мен бейнелеу өнері саласының кәсіби мамандарынан құралған қазылар алқасы бағалады.

    Байқау қорытындысы бойынша жерлестеріміз жүлделі орындарға ие болды:

    Бас жүлде – Тұрсын Тұмарым;

    І орын – Новак Анастасия, Жұмабек Сымбат;

    ІІ орын – Бегалина Жасмина, Жұматаева Дария, Абельдинова Адия.

    Сонымен қатар, байқау қорытындысы бойынша тәрбиеленушілерге 2027 жылдың жазында Қырғызстандағы Ыстықкөл жағалауында өтетін халықаралық байқауға қатысу мүмкіндігі берілді.

    Үйірме жетекшісі Жанерке Жүсіпбекованың айтуынша, бұл жетістіктер – балалардың тынымсыз еңбегі, ізденісі мен өнерге деген сүйіспеншілігінің нәтижесі.

    Айта кету керек, байқауға қатысу үшін ұйымдастырылған сапар ата-аналардың жеке қаржылық қолдауымен жүзеге асырылды. Балаларының шығармашылық дамуына қолдау көрсетіп, олардың өнер жолындағы қадамдарына үлес қосқан ата-аналарға алғыс білдіреміз.

    Жас өнерпаздарымызды және олардың жетекшісін лайықты жеңістерімен құттықтаймыз! Алдағы уақытта да шығармашылық табыс пен жаңа белестерді бағындыруларына тілектеспіз!

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Жарқайың ауданының әкімдігі" жаңалықтары