Балалар арасындағы артық салмақтың алдын алу

    Балалар арасындағы артық салмақтың алдын алу

    Баланың дұрыс тамақтануы, күнделікті қимыл-қозғалысы мен ұйқы тәртібі отбасында қалыптасады. Сондықтан артық салмақтың алдын алу бүкіл отбасының күнделікті әдеттеріне байланысты. Негізгі мақсат баланың қалыпты өсуі мен дамуына жағдай жасап, пайдалы әдеттерді бірге қалыптастыру.

    Дұрыс тамақтану әдеттері

    Баланың күнделікті ас мәзірі әртүрлі әрі жасына сай болуы қажет. Рационға көкөністер, жемістер, тұтас дәнді өнімдер, ақуыз көздері және жасына сәйкес сүт өнімдері енгізілгені жөн. Қант, тұз және қаныққан майы көп өнімдерді шектеп, тәтті газдалған сусындардың орнына су ұсыну ұсынылады.

    Тамақтану уақытын баланың жасына, тәбетіне және күн тәртібіне қарай ұйымдастырыңыз. Ас ішкенде телефонды шетке қойып, теледидарды өшіріп, отбасымен бірге тамақтануға дағдыланған дұрыс. Бала тойғанын сезсе, оны тамақты тауысып жеуге мәжбүрлемеңіз. Өзінің ашыққанын және тойғанын ажырата білуі маңызды.

    Күнделікті қимыл-қозғалыс

    Дене белсенділігі баланың жасына, денсаулық жағдайына және мүмкіндіктеріне сәйкес болуы керек. Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мынадай ұсынымдар береді:

    • 1 жасқа дейін: күніне бірнеше рет қимыл-қозғалысқа мүмкіндік беріп, еденде немесе қауіпсіз төсеніште ойнауды ұйымдастыру қажет. Өздігінен қозғала алмайтын сәбилерді күні бойы бөліп, жалпы ұзақтығы кемінде 30 минут етпетінен жатқызу ұсынылады. Бұл тек сәби ояу кезде және ересек адамның бақылауымен жасалуы тиіс.

    • 1–2 жаста: күні бойы әртүрлі қимыл-қозғалысқа кемінде 180 минут бөлу ұсынылады.

    • 3–4 жаста: дене белсенділігінің жалпы ұзақтығы күніне кемінде 180 минут болуы керек. Оның кемінде 60 минуты орташа немесе жоғары қарқынды белсенділікке арналуы қажет.

    • 5–17 жаста: апта бойынша есептегенде күніне орта есеппен кемінде 60 минут орташа немесе жоғары қарқынды дене белсенділігі ұсынылады. Жоғары қарқынды аэробтық жаттығуларды, бұлшықеттер мен сүйектерді нығайтатын қимылдарды аптасына кемінде үш күн қосқан жөн.

    Жаяу жүру, би билеу, велосипед тебу, жүзу, жүгіру және қимылды ойындар баланың қызығушылығына қарай таңдалуы мүмкін. Серуенді ауа райын, ауаның сапасын және баланың өзін қалай сезінетінін ескере отырып жоспарлаған дұрыс.

    Ұйқы және экран алдындағы уақыт

    Баланың жеткілікті ұйықтауы мен тұрақты күн тәртібі де маңызды. Барлық балаға бірдей «сағат 22:00-ге дейін ұйықтау» талабын қоюдың орнына, оның жасына сай ұйқы ұзақтығын және таңертең оянатын уақытын ескеру қажет. Ұйқыға жатардан кемінде бір сағат бұрын гаджеттерді пайдалануды тоқтатқан жөн.

    Экран алдында өткізетін уақыт та жас ерекшелігіне байланысты белгіленеді. ДДҰ екі жасқа дейін экран қарауды ұсынбайды. Ал 2–4 жаста бұл уақыт күніне бір сағаттан аспауы керек, мүмкіндігінше аз болғаны дұрыс. Мектеп жасындағы балаларда экран қарау ұйқының, қимыл-қозғалыстың, оқудың және жақындарымен қарым-қатынастың орнын баспауы тиіс.

    Қысым емес, қолдау қажет

    Баланың дене бітімін сынаудан, оны өзгелермен салыстырудан және намысына тиетін сөздер айтудан аулақ болыңыз. Әңгімеде сыртқы келбетіне емес, денсаулығына, сергектігіне және өзін жақсы сезінуіне назар аударыңыз. Бала салмағына қарамастан өзін жақсы көретінін және қолдайтынын сезінуі қажет.

    Егер баланың салмағына алаңдасаңыз, педиатрға жүгініңіз. Дәрігер оның өсуі мен дамуын жасына және жынысына сәйкес бағалап, қажетті ұсынымдар береді. Баланы өз бетінше арықтататын диетаға отырғызуға болмайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Астана қаласының санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары