Павлодар облысында «Қыс-2026» командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті

    1 / 33

    Павлодар облысында «Қыс-2026» облыстық командалық-штабтық оқу-жаттығулары өтті. Оның мақсаты – қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша азаматтық қорғау қызметтерінің дайындығын тексеру, сондай-ақ ауа райы жағдайы күрделенген кезде өзара іс-қимылды пысықтау. Өңірде ықтимал төтенше жағдайларды жою үшін 2 212 адам мен 1 073 техникадан тұратын азаматтық қорғау күштерінің тобы дайындалды.

    Төтенше жағдайлар департаментінің ғимаратында Павлодар облысы әкімінің жетекшілік ететін орынбасарының төрағалығымен төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою жөніндегі комиссияның кезектен тыс отырысы өтті. Сонымен қатар жедел штаб құрылды.

    Павлодар облысының қалалары мен аудандарында 68 оқу-жаттығу тапсырмасы пысықталды. Павлодар қаласының Атамекен кенті арқылы «Астана – Павлодар» республикалық автожолы өтетінін ескере отырып, оқу-жаттығудың негізгі практикалық кезеңі дәл осы елді мекенде ұйымдастырылды.

    Оқу-жаттығу сценарийі бойынша ауа температурасының күрт өзгеруі, қатты жел мен көктайғақ салдарынан электр беру желілері зақымданып, нәтижесінде 60 жеке тұрғын үй жарықсыз қалған. Апаттық бригадалар зақымданған желілерді қалпына келтіру және электрмен жабдықтауды қайта қосу жұмыстарын пысықтады.

    Тағы бір сценарий бойынша қатты боран соғып, республикалық автожолда қар құрсауы пайда болды. Қозғалыстың шектелуіне байланысты жолда 55 адам отырған 24 көлік құралы қалып қойды. Оқу-жаттығу аңызына сәйкес, олардың екеуі із-түзсіз жоғалған. Құтқарушылар іздестіру жұмыстарын жүргізу, алғашқы медициналық көмек көрсету және адамдарды эвакуациялау әрекеттерін пысықтады.

    Оқу-жаттығудың ерекшелігі – адамдарды теміржол көлігімен эвакуациялау болды. Автокөліктердің әрі қарай қозғалу мүмкін болмағандықтан, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ бөлімшелерімен өзара іс-қимыл ұйымдастырылды. Сондай-ақ қатысушыларға күрделі ауа райы жағдайында пойыздардың үздіксіз қозғалысын қамтамасыз ету мақсатында теміржол жолдарын қардан тазарту жұмыстары көрсетілді.

    Бұдан бөлек, азаматтық қорғау күштері «Сұңқар» дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің базасында жылыту пунктін орналастыру жұмыстарын пысықтады. Мұнда адамдарға уақытша баспана мен қажетті көмек көрсету қарастырылған.

    Оқу-жаттығуға ТЖД, полиция, медициналық қызметтер, Ұлттық ұланның әскери бөлімі, жол және коммуналдық ұйымдар, әкімдік өкілдері, «Қазақстан темір жолы» ҰК» АҚ және Қызыл Жарты Ай қоғамының қызметкерлері қатысты.

    Жалпы, өңірде 16 мыңға жуық адамды қабылдай алатын 189 жылыту пункті дайындалған. Қысқы кезеңдегі төтенше жағдайларға жедел ден қою үшін ТЖД қарамағында жоғары өтімділігі бар 51 техника бірлігі бар.

    Өткізілген оқу-жаттығулар қысқы қолайсыз ауа райы жағдайында қызметтердің жұмысқа дайындығын тексеруге, халықты қорғау және эвакуациялау бойынша бірлескен іс-қимылдарды пысықтауға мүмкіндік берді.

    Ағымдағы жылдың басынан бері бөлімшелер авариялық-құтқару және шұғыл жұмыстарды жүргізу үшін барлығы 4 370 рет шақыртуға шыққан. Оның барысында 600 адам құтқарылды, 300 адам эвакуацияланды, ал 262 зардап шеккен адамға алғашқы медициналық көмек көрсетілді.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының Төтенше жағдайлар департаменті" жаңалықтары