«Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-де Корея Республикасының өкілімен кездесу өтті.

    1 / 5

    «Астана бас жоспары» ҒЗЖИ» ЖШС-де Қазақстан Республикасындағы Корея Республикасы елшілігінің Саяси бөлімінің басшысы Чжон Бён Юн мырзамен кездесу өтті.

    Кездесудің басты мақсаты – 2027-2030 жылдары Корея Республикасының астанасы, президенті әкімшілігі мен ұлттық қауіпсіздік саласындағы негізгі органдарды жоспарлы түрде көшіруге байланысты астананы көшірудің халықаралық тәжірибесін, дипломатиялық өкілдіктерді орналастыру ерекшіліктерін, негізгі шешімдерді, сондай-ақ қабылдаушы елдердің саясаты мен оны жүзеге асыру нәтижелерін талқылау болды.

    Институттың ғылыми зерттеулер және нормативтік-техникалық жұмыстар бөлімінің басшысы Гүлнар Құсайынова астананы Алматыдан Ақмолаға көшірудің тарихи аспектілері, осыған байланысты қабылданған нормативтік-құқықтық актілер туралы баяндады. Сондай-ақ 1995 жылғы 28 қыркүйекте Қазақстан Республикасы Президентінің өкімімен жоғары және орталық мемлекеттік органдарды Алматыдан Ақмолаға көшіру жөніндегі Қазақстан Республикасының Мемлекеттік комиссиясы құрылғанын атап өтті. Оның алғашқы төрағасы Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің бірінші орынбасары Нығметжан Қабатайұлы Ысмағамбетов болған. Ал оның орынбасары Баир Фарденұлы Досмағамбетов болды. Ол «Астана бас жоспары» жобалау институтының құрылуының бастауында тұрып, оның алғашқы директоры қызметін атқарған.

    Бұдан бөлек, қонақтарға жаңа елордада құрылған мемлекеттік органдар мен Алматыдан көшірілген мекемелер туралы ақпарат берілді. Гүлнар Қабденқызы жас елорданың қала құрылысы саласындағы даму тәжірибесіне тоқталып, министрліктер мен ведомстволарды, сондай-ақ шетелдік елшіліктерді орналастыруға арналған аумақтарды айқындау және резервке қоюдағы Институттың рөлін атап өтті.

    Маңызды сабақтардың бірі – мемлекеттік органдардың нақты көшу мерзімдерін ескере отырып, аумақтарды кезең-кезеңімен игеру, сондай-ақ қаланың инженерлік, көлік және әлеуметтік инфрақұрылымын теңгерімді дамыту қажеттігі.

    Астананы көшіруге қатысты саяси шешімдер және оның одан әрі дамуы жөнінде профессор, сәулет кандидаты, ғылыми зерттеу және нормативтік-техникалық жұмыстар бөлімінің бас маманы Аманжол Чиканаев баяндады. Оның айтуынша, астананы көшіру себептерінің бірі – оның орталық географиялық орналасуы болды. Бұл көлік-логистикалық бағыттарды еліміздің орталығынан тиімді ұйымдастыруға мүмкіндік берді.

    Сонымен қатар, Аманжол Шаймерденұлы екі елдің экологиялық тұрақтылық саласында қабылдаған шешімдерінің ұқсастықтары мен айырмашылықтарына тоқталды. Атап айтқанда, Корея Республикасында ғимараттардың шатырларын саябақ кеңістіктеріне айналдырылса, Астанада оның айналасындағы аумақтарда жалпы ауданы 100 мың га құрайтын орман алқаптары қалыптастырылды. Мұндай шешімдерді қабылдауға елорданың солтүстік өңірге тән климаттық ерекшеліктері де әсер етті. Нәтижесінде қазіргі уақытта қолайлы қалалық орта қалыптасты. Сондай-ақ, жас астананың агломерацияны дамытудағы ролі және оның ғылым, білім, медицина мен спорт орталығына айналуы туралы айтылды.

    Кездесу соңында Корея Республикасының өкілі Чжон Бён Юн Институт басшылығы мен қызметкерлеріне алғысын білдіріп, ынтымақтастықты одан әрі дамытуға қызығушылық танытты.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    ""Астана қаласының Сәулет, қала құрылысы және жер қатынастары басқармасы" ММ" жаңалықтары