Кедендік тазарту – тауарларға қатысты кедендік декларацияны берген сәттен бастап тауарларды шығаруға дейін мемлекеттік кірістер органдарының лауазымды тұлғалары жүзеге асыратын кедендік операциялардың жиынтығы.
Қызметті қалай алуға болады?
Мемлекеттік қызмет «KEDEN» ақпараттық жүйесі арқылы электрондық нысанда көрсетіледі.
Ол үшін сыртқы экономикалық қызметке қатысушыға:
▪️ «KEDEN» ақпараттық жүйесінде декларант ретінде алдын ала тіркелу;
▪️ тауарларға арналған электрондық декларацияны толтыру;
▪️ мәлімделген мәліметтерді растайтын құжаттардың сканерленген көшірмелерін тіркеу;
▪️ декларацияны электрондық цифрлық қолтаңбамен (ЭЦҚ) куәландырып, жүйеге жолдау қажет.
Назар аударыңыз: eGov ЭЦҚ-сының болуы «KEDEN» ақпараттық жүйесінде декларант ретінде алдын ала тіркелуді алмастырмайды. Жүйеде жұмыс істеу үшін тиісті тіркеу деректерін алу қажет.
Декларацияны тексеру қалай жүргізіледі?
Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы кедендік реттеу туралы» Кодексінің 393-бабының 5-тармағына сәйкес, тауарларды кедендік декларациялау кезінде кедендік бақылау тәуекелдерді басқару жүйесі (ТБЖ) негізінде жүзеге асырылады.
Жүйе декларацияда көрсетілген мәліметтерді автоматты түрде талдап, кедендік бақылаудың қажетті нысандарын айқындайды. Талдау нәтижесіне қарай төрт түсті дәліздің бірі қолданылады:
🟢 жасыл;
🟡 сары;
🔵 көк;
🔴 қызыл.
Бұл ретте декларация кедендік тазартудан өтетін тауарлар орналасқан аумаққа қызмет көрсететін кеден бекетіне беріледі.
Декларацияның мәртебесі туралы ақпарат (берілді, қабылданды, тіркелді, тауарларды шығаруға рұқсат берілді, шығару тоқтатыла тұрды және басқа да мәртебелер) «KEDEN» ақпараттық жүйесінде нақты уақыт режимінде көрсетіледі.
Қызмет көрсету мерзімі мен құны
▪️ Тауарларды шығару мерзімі – электрондық нысандағы тауарларға арналған декларация тіркелген сәттен бастап 4 сағаттан аспайды (Кодекстің 193-бабы).
▪️ Кедендік алым мөлшері – тауарларға арналған декларацияны немесе транзиттік декларацияны пайдалана отырып, тауарларды кедендік декларациялау үшін 6 АЕК.
#законипорядок
#заңментәртіп
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









