Петропавлда жаңа үлгідегі цифрлық ХҚКО ашылды

    1 / 5

    Цифрландыру күніне орай Петропавлда жасанды интеллект технологиялары қолданылатын жаңа цифрлық ХҚКО – AI-офис ашылды. Ашылу салтанатына Солтүстік Қазақстан облысы әкімінің аппарат басшысы Руслан Алишев пен «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы басқармасының төрағасы Арман Кенжегалиев қатысты.

    Салтанатты шарада Руслан Алишев цифрландырудың басты мақсаты тек жаңа технологияларды енгізу емес, халыққа көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қолжетімділігін арттыру екенін атап өтті.

    «Премьер-Министрдің тапсырмасына сәйкес, бүгін жаңа цифрлық ХҚКО – AI-офисті ашып отырмыз. Мұндағы басты мақсат – жай ғана технология енгізу емес, адамдарға нақты қолайлы жағдай жасау. Мемлекеттік қызметтер баршаға қолжетімді, түсінікті әрі алу жағынан жеңіл болуы керек. Солтүстік Қазақстан облысында бұл бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жүргізіліп келеді. Өңірлік цифрландыру стратегиясы бекітілді. «Digital Aimak» жобасы аясында аудандар мен ауылдарда 16 IT-орталық ашылды. Бүгін халыққа қызмет көрсетудің заманауи үлгісін дамыту жолында тағы бір қадам жасап отырмыз», – деді Руслан Алишев.

    Жаңа AI-офис келушілердің қажеттіліктерін ескере отырып жабдықталған. Мұнда азаматтар мемлекеттік қызметтерді өз бетінше ала алады, цифрлық сервистерді пайдаланады немесе қажет болған жағдайда мамандардан көмек сұрай алады.

    Жедел қызмет көрсету аймағында жеке куәлік пен паспорт алуға өтініш беруге арналған арнайы терминал орнатылған. Азаматтар құжат рәсімдеуге өтінішті өздері беріп, бұл жұмысты бірнеше минуттың ішінде орындай алады.

    Цифрлық аймақта моноблоктар мен жылдамдығы жоғары сканерлер бар. Келушілер мұнда электронды құжаттармен өз бетінше жұмыс істеп, мемлекеттік қызметтерді онлайн түрде ала алады. Сонымен қатар ақпараттық экрандар арқылы eGov GPT сияқты заманауи цифрлық құралдарды пайдалануға мүмкіндік бар.

    Кеңес беру аймағында қосымша түсіндіруді қажет ететін мәселелер бойынша мамандардың көмегіне жүгінуге болады.

    Цифрлық ХҚКО дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 09:00-ден 18:00-ге дейін, түскі үзіліссіз жұмыс істейді.

    Мекенжайы: Петропавл қаласы, Қазақстан Конституциясы көшесі, 72.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Петропавл қаласының әкімдігі" жаңалықтары