Түркістан облысының әкімі Нұралхан Көшеровтің төрағалығымен өткен аппарат мәжілісінде автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығы қаралды. Жиында республикалық, облыстық және аудандық маңызы бар жолдарды қардан тазалау, көктайғақтың алдын алу, арнайы техникалар мен қажетті материалдардың дайындығы талқыланды. Облыс әкімі жауапты мекеме басшыларына нақты міндеттер жүктеді.
– Мемлекет басшысы биылғы Жолдауында: «Логистика инфрақұрылымын дамытуға баса мән беру қажет. Бұл – еліміздің өсіп-өркендеуіне ықпал ететін маңызды факторлардың бірі», – деді. Осыған сәйкес, жол инфрақұрылымын дамыту және оның қауіпсіздігін қамтамасыз ету жұмыстарын жүйелі жүргізуіміз керек. Әсіресе қысқы кезеңде жолдардағы қауіпті учаскелерді алдын ала анықтап, қажетті техника мен жеке құрамның дайындығын қамтамасыз ету, қосымша инженерлік шараларды қабылдау жұмыстарын басты назарда ұстау қажет.
Облыс аумағындағы автомобиль жолдарының қысқы маусымға дайындығын тұрақты бақылауда ұстауды тапсырамын. Қажет болған жағдайда қосымша техника мен жұмыс күшін тартып, инертті материалдар мен жанар-жағармайдың резервтік қорын ұлғайту қажет. Қысқы маусымда барлық деңгейдегі автомобиль жолдарында атқарылатын жұмыстардың нақты жоспары бекітілсін. Мереке күндері аудан, қала бөлінісінде тәуліктік кезекшілік ұйымдастырылып, әсіресе асулар мен қауіпті учаскелерде жоғары деңгейдегі дайындық қамтамасыз етілсін. Қауіпті учаскелерге тұрақты түрде рейдтік шаралар жүргізіліп, жол қозғалысының үздіксіздігін қамтамасыз ету үшін қажетті арнайы техникалар жеткілікті болуға тиіс, – деді Нұралхан Көшеров.
Облыстағы автомобиль жолдарының жалпы ұзындығы 17 692 шақырымды құрайды. Оның ішінде республикалық маңызы бар жолдар – 678 шақырым, облыстық және аудандық маңызы бар жолдар – 3 983,3 шақырым, аудандық маңызы бар жолдар – 1 726 шақырым, ал елді мекендердің көшелері – 11 305 шақырым.
Облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының мәліметінше, 2026–2027 жылдардағы қысқы маусымда жолдарды күтіп-ұстау жұмыстарына 402 арнайы техника мен 1 068 жұмысшы жұмылдырылады. Қысқы дайындық аясында 505,1 млн теңге қаралып, 21 658 текше метр құм және 9 686 тонна тұз әзірленген. Сонымен қатар жолдарды тазалау және көктайғаққа қарсы жұмыстарға қажетті жанар-жағармай қоры жасақталған.
Ауа райы қолайсыз болған жағдайда жолда қалып қойған жолаушыларға көмек көрсету үшін Бәйдібек ауданындағы Шыбықбел, Одаманбұлақ және Созақ ауданындағы Ащысай, Таскөмірсай асуларында төрт жылыту бекеті дайындалған. Олар көмірмен, азық-түлікпен және қажетті жабдықтармен қамтамасыз етілген. Бекеттерде кезекшілік ұйымдастырылып, олар бір мезгілде 70 адамды қабылдай алады.
«ҚазАвтоЖол» ҰК» АҚ Түркістан облыстық филиалының мәліметінше, өңір аумағындағы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының ұзындығы 678 шақырымды құрайды. Оның 301,5 шақырымы – ақылы, 376,5 шақырымы – ақысыз жолдар. Қысқы маусымда осы бағыттарды күтіп-ұстауға 62 арнайы техника мен 186 жұмысшы жұмылдырылады. Техникалар қатарында 25 кешенді жол машинасы, 12 жүк тиегіш, 8 автогрейдер және өзге де арнайы көліктер бар. Биыл жолдарды күтіп-ұстауға қажетті 7 мың текше метр құм мен 6 мың тонна тұз толық көлемде сатып алынған. Сонымен қатар жол пайдалану бөлімшелері мен пункттерді жылыту үшін 90 тонна көмір әзірленген.
Жиында қысқы маусымда жол қозғалысы қауіпсіздігін қамтамасыз ету, қар тазалау жұмыстарын жедел ұйымдастыру және төтенше жағдайлардың алдын алу мәселелеріне ерекше назар аударылды. Осы бағытта жауапты мекемелер мен аудан, қала әкімдеріне нақты тапсырмалар берілді.
Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі
Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз
Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.









