Астана қаласында кіру пункттерінде халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық және ден қою бойынша жаттықтырушылар үшін тренинг өтті

    1 / 9

    2026 жылғы 3–5 қараша аралығында Астана қаласында халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық және ден қою мәселелері бойынша Қазақстан Республикасының кіру пункттерінде жұмыс істейтін мамандарға арналған тренерлерді даярлау тренингі өтті.

    Іс-шара Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының (ДДҰ) Қазақстандағы елдік кеңсесінің қолдауымен, Қазақстанда 2024–2026 жылдарға арналған Пандемия қоры грантын іске асыру шеңберінде ұйымдастырылды.

    Тренингтің негізгі мақсаты – Халықаралық медициналық-санитариялық қағидалардың (ХМСҚ, 2005 ж.) талаптарына сәйкес кіру пункттерінде базалық мүмкіндіктерді қамтамасыз ету бағытында кадрлық әлеуетті нығайту және ұлттық сарапшыларды даярлау.

    Оқыту барысында қатысушылар кіру пункттерінің базалық мүмкіндіктеріне қойылатын халықаралық талаптармен, олардың ағымдағы қызметін ұйымдастыру мәселелерімен, сондай-ақ қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайларға дайындық және ден қою тетіктерімен танысты.

    Мамандардың практикалық дағдыларын дамытуға, ведомствоаралық өзара іс-қимылды нығайтуға және болашақта бүкіл ел бойынша кіру пункттерінің қызметкерлеріне каскадты оқыту жүргізуге қабілетті жаттықтырушыларды даярлауға ерекше назар аударылды.

    Тренингке Санитариялық-эпидемиологиялық бақылау комитетінің өкілдері, аумақтық бөлімшелердің басшылары мен санитариялық-карантиндік пункттердің бас мамандары, көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау бөлімшелерінің басшылары, сондай-ақ Ұлттық қоғамдық денсаулық сақтау орталығының өкілдері қатысты.

    Бұл тренингті өткізу кіру пункттерінде санитариялық-эпидемиологиялық қауіпсіздікті қамтамасыз ету, қоғамдық денсаулыққа төнетін қатерлерді уақтылы анықтау және төтенше жағдайларға тиімді ден қою бағытында Қазақстан Республикасының ұлттық әлеуетін нығайтудағы маңызды қадам болып табылады.

    Мамандардың кәсіби құзыреттерін дамыту және даярланған жаттықтырушылардың ұлттық желісін қалыптастыру елдің халықаралық маңызы бар қоғамдық денсаулық сақтау саласындағы төтенше жағдайлардың алдын алуға және оларға ден қоюға дайындығын арттыруға ықпал ететін болады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Көліктегі санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті" жаңалықтары