Конституциялық Сот: өтінішхат беру прокурорды сот актісіне наразылық келтіруге міндеттемейді

    Конституциялық Сотқа Азаматтық процестік кодекстің (АПК) 435-бабының екінші бөлігінің және әкімшілік талап қоюды қайтару негізін белгілейтін Әкімшілік рәсімдік-процестік кодекстің (ӘРПК) 138-бабы екінші бөлігінің 11) тармақшасының Конституцияға сәйкестігін тексеру туралы өтініш келіп түсті.

    Өтініш беруге Бас прокуратураның жол-көлік оқиғасы салдарынан келтірілген залалды өтеу туралы азаматтық іс бойынша сот актілеріне наразылық келтіру жөніндегі өтінішхатты қанағаттандырудан бас тартуы негіз болды. Кейіннен сот өтініш берушінің Бас прокуратураға қатысты әкімшілік талап қоюын қайтарды.

    Өтініш берушінің пікірінше, дауланып отырған нормалар прокурордың наразылық келтіруден бас тартуына жол береді және мұндай бас тартуға сот тәртібімен шағым жасау мүмкіндігін шектейді. Осылайша, сот арқылы қорғалу жөніндегі конституциялық құқықты бұзады.

    Сот актісіне наразылық келтіру прокуратураның өкілеттігіне жататынын, ал сот актілерін кассациялық тәртіппен қайта қараудың негіздері мен тәртібі процестік заңнамада айқындалатынын Конституциялық Сот атап өтті.

    Сот наразылық келтіру туралы өтінішхат беру прокурорды оны қанағаттандыруға міндеттемейтінін атап көрсетті. Заңда көзделген негіздер болған жағдайда наразылықты уәкілетті прокурор келтіреді.

    ӘРПК нормасына қатысты уәждерді қарау барысында Конституциялық Сот мәлімделген талап әкімшілік сот ісін жүргізу тәртібімен қаралуға жатпаған жағдайда әкімшілік талап қоюды қайтару сот ісін жүргізу түрлерінің аражігін ажыратуға байланысты екенін және бұл өздігінен сот арқылы қорғалу құқығын шектемейтінін түсіндірді. Әкімшілік соттар жария-құқықтық қатынастардан туындайтын дауларды қарайды.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасының Конституциялық Соты" жаңалықтары