«Тәрбие ошағы»: отбасылық құндылықтарды ұлықтаған клубтар тәжірибесі облысқа ұсынылды

    1 / 3

    Павлодар қаласындағы М. Қатаев атындағы Оқушылар сарайында өткен облыстық семинарда Аққулы ауданының білім беру ұйымдарындағы ата-аналар клубтарының жұмысы таныстырылып, үздік тәжірибелер көпшілік назарына ұсынылды.

    Семинар барысында аудандық білім беру ұйымдарында «Тәрбие ошағы» бағдарламасы аясында жүзеге асырылып жатқан ата-аналар клубтарының жұмысы кеңінен насихатталды. Бүгінде аудан мектептерінде 80-ге жуық ата-аналар клубы жұмыс істеп, отбасы мен мектеп арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға, ұлттық тәрбие мен отбасылық құндылықтарды дәріптеуге, өскелең ұрпақтың бойына адамгершілік қасиеттерді сіңіруге өз үлесін қосып келеді.

    Облыстық семинарда аудан мектептерінің мазмұнды тәжірибелері таныстырылды. Атап айтқанда, Тлектес орта мектебінің «Жеңгелер» клубының, Жамбыл орта мектебінің «Әкелер» кеңесі мен «Томирис» қыздар клубының, Жаңатаң негізгі мектебінің «Аққу» қыздар клубының, С. Сатыбалдин атындағы орта мектептің «Аналар» клубының жұмыстары ерекше назарға ұсынылды.

    Әр клубтың қызметі өзіндік ерекшелігімен құнды. Олар ұлттық салт-дәстүрді жаңғырту, қыз бала тәрбиесі, әке өнегесі, ананың даналығы, үлкенге құрмет пен кішіге ізет көрсету, отбасындағы жауапкершілік пен өзара сыйластықты қалыптастыру бағытында жүйелі жұмыстар жүргізуде.

    Семинар аясында Аққулы ауданы мектептерінің ата-аналар клубтары дайындаған арнайы көрме де ұйымдастырылды. Көрмеге Жабағылы негізгі мектебінің «Жеңгелер» клубы, Жамбыл орта мектебінің «Томирис» қыздар клубы, Б. Уахатов атындағы орта мектептің «Жеңгелер» клубы, Жаңатаң негізгі мектебінің «Аққу» қыздар клубы, С. Сатыбалдин атындағы орта мектептің «Аналар» клубы, Тлектес орта мектебінің «Жеңгелер» клубы, Әйтей ауылының негізгі мектебінің «Мирас» ұлдар клубы және Аққулы ауылының орта мектебінің «Әжелер» клубы өз жұмыстарының нәтижелерін ұсынды.

    Көрме барысында клуб мүшелерінің шығармашылық жұмыстары, ұлттық қолөнер бұйымдары, тәрбиелік бағыттағы материалдар мен ұлттық дәстүрлерді дәріптейтін көрнекіліктер таныстырылды. Әрбір ұсынылған жұмыс – ұрпақ тәрбиесіне бейжай қарамайтын ата-аналар мен ұстаздардың ортақ еңбегінің көрінісі.

    Облыстық семинар Аққулы ауданының отбасылық тәрбие бағытындағы тәжірибесін таратуға, әріптестер арасында пікір алмасуға және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік берді.

    «Тәрбие – тал бесіктен» демекші, бала тәрбиесі – тек мектептің емес, тұтас қоғамның ортақ міндеті. Ал ата-аналар клубтары осы ортақ жауапкершілікті жүзеге асыратын, отбасы мен мектепті жақындастыратын маңызды тәрбие алаңына айналып отыр.

    Аққулы ауданының бұл бағыттағы жұмыстары ұлттық құндылықтарды ұлықтап, саналы ұрпақ тәрбиелеу жолындағы жүйелі ізденістің жарқын үлгісі болып табылады.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының білім беру басқармасының «Аққулы ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары