ҚАМҚОРШЫЛЫҚ – ЖҮРЕК ҚАЛАУЫ, МЕЙІРІМ МЕН МАХАББАТТЫҢ ҮЛГІСІ

    1 / 2

    Бүгін, Аққулы ауданының Потанин мектебінде Қамқоршылар күніне арналған салтанатты іс-шара өтті. Ерекше мәнге ие бұл мереке балаларға қамқорлық пен мейірім сыйлап, олардың жарқын болашағы үшін аянбай еңбек етіп жүрген жандарға алғыс білдіруге арналды.

    Іс-шараға ауданымыздың қамқоршылары қатысып, балаларды ұзақ жылдар бойы тәрбиелеп, оларға отбасылық жылулық пен сүйіспеншілік сыйлап келе жатқан жандарға ерекше құрмет көрсетілді. Қамқоршылық – үлкен жауапкершілікті, төзімділікті, жан жылуын және шынайы мейірімділікті талап ететін игілікті іс. Өйткені әрбір балаға отбасылық ортада өсіп, өзін қауіпсіз әрі бақытты сезіну – өмірдегі ең маңызды құндылықтардың бірі.

    Мерекелік шарада аудан әкімінің орынбасары Махаббат Өмертайқызы Абулова қамқоршыларды мерекемен құттықтап, олардың бала тәрбиесіндегі еңбегіне, қоғам алдындағы жауапкершілігі мен адамгершілік қасиеттеріне ерекше тоқталды. Ол қамқоршыларға зор денсаулық, отбасыларына амандық, шаңырақтарына шаттық пен береке тілеп, балалардың жетістіктеріне қуанып, әрдайым жақсылықтың жаршысы болуларына тілектестік білдірді. Ізгі ниеттің белгісі ретінде қамқоршыларға естелік сыйлықтар табысталды.

    Салтанатты жиын мерекелік концерттік бағдарламамен жалғасты. Әсем әндер мен шығармашылық нөмірлер қатысушыларға көтеріңкі көңіл күй сыйлап, ерекше әсерге бөледі. Кездесу соңында қонақтар бір кесе ыстық шай үстінде еркін әңгімелесіп, жылы жүздесудің, өзара қолдау мен сыйластықтың шынайы үлгісін көрсетті.

    Қамқоршылар күні – отбасы құндылықтарын дәріптеп, мейірімділік пен жанашырлықтың маңызын тағы бір мәрте ұғындыратын ерекше күн. Баланың болашағына бейжай қарамай, оған жүрек жылуын сыйлап жүрген қамқоршылардың еңбегі әрдайым құрметке лайық.

    Қамқорлық көрген әрбір баланың жүзінен күлкі кетпесін! Әр шаңырақта шаттық орнап, мейірім мен сүйіспеншілік салтанат құрсын!

    Жаңалықтардан хабардар болыңыз@memleket_newsҚазақстандағы маңызды оқиғалардан хабардар болу үшін memleket.kz Telegram арнасына жазылыңыз.Жазылу

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының білім беру басқармасының «Аққулы ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары