ҰЛТТЫҚ ҚҰНДЫЛЫҚ ПЕН ЖАҢАШЫЛДЫҚ ТОҒЫСҚАН ТӘРБИЕ АЛАҢЫ

    1 / 2

    Аққулы ауданында «Адал азамат: Ұлттық құндылықтар мен жаңашылдық үндестігі» тақырыбында аудандық семинар-практикум өтті.

    Ұлттық тәрбие мен заманауи білім беру – өскелең ұрпақтың кемел келешегінің негізі. Осы бағыттағы озық тәжірибелерді насихаттау, педагогтер арасындағы ынтымақтастықты нығайту мақсатында әдістемелік кабинетінің жұмыс жоспарына сәйкес Әйтей ауылының негізгі білім беру мектебінің базасында Жаңатаң негізгі мектебімен бірлескен аудандық семинар-практикум ұйымдастырылды.

    «Адал азамат: Ұлттық құндылықтар мен жаңашылдық үндестігі» тақырыбын арқау еткен тағылымды шараға 60-қа жуық педагог пен ата-ана қатысып, білім мен тәрбиені ұштастырудың тиімді жолдарымен танысты.

    Семинар барысында мектептердегі тәрбие жұмысының бағыттары кеңінен таныстырылды. Атап айтқанда, «Мирас» ұлдар клубы мен «Аққу» қыздар клубының қызметі көрсетіліп, жасөспірімдердің бойында ұлттық тәрбие, әдептілік, жауапкершілік пен адамгершілік қасиеттерді қалыптастыруға бағытталған жұмыстар ұсынылды.

    Бүгінгі білім беру кеңістігіндегі өзекті тақырыптардың бірі – жасанды интеллект мүмкіндіктері де назардан тыс қалмады. «Жасанды интеллект – білім мен тәрбиеге жаңа мүмкіндік» атты практикалық таныстырылымда заманауи технологияларды оқу-тәрбие үдерісінде тиімді пайдалану жолдары көрсетілді.

    Ал «Балауса әлемі – бақытты балалық шақ» алаңында шағын орталық пен мектепалды даярлық тобының жұмысы таныстырылып, бүлдіршіндердің танымдық, шығармашылық және әлеуметтік дағдыларын дамыту бағытындағы тәжірибелер ортаға салынды.

    Семинардың мазмұнын аша түскен ерекше алаңдардың бірі – ұлттық ойындарға арналды. Қатысушылар садақ ату, асық ату және тоғызқұмалақ бойынша ұйымдастырылған шеберлік алаңдарында ұлттық ойындардың қыр-сырымен танысты. Бұл – халқымыздың рухани мұрасын жаңғыртып, оны жас ұрпақтың бойына сіңірудің жарқын үлгісі болды.

    Іс-шара барысында ұлттық құндылықтарды дәріптеу мен инновациялық білім беру тәсілдерін сабақтастыра отырып, саналы, білімді, отаншыл ұрпақ тәрбиелеудің маңыздылығы айқын көрініс тапты. Педагогтер мен ата-аналар үшін тәжірибе алмасуға, жаңа идеялармен бөлісуге және өзара ынтымақтастықты нығайтуға мүмкіндік туды.

    Осындай мазмұнды кездесулер білім мен тәрбиенің біртұтас үдеріс екенін тағы бір мәрте дәлелдейді. Өйткені ұлттық тамырынан нәр алған, жаңашылдыққа ұмтылған ұрпақ қана ел болашағын қалыптастыра алады.

    Ұлттық тәрбие – ұлт болашағының темірқазы

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Павлодар облысының білім беру басқармасының «Аққулы ауданының білім беру бөлімі» мемлекеттік мекемесі" жаңалықтары