ҚАЗАҚСТАНДА ДӘРІ-ДӘРМЕКТЕР МЕН МЕДИЦИНАЛЫҚ БҰЙЫМДАРДЫҢ АЙНАЛЫМЫНА МЕМЛЕКЕТТІК БАҚЫЛАУ КҮШЕЙТІЛЕДІ

    Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігі дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың сатылуына бақылауды күшейтуді ұсынып отыр. Жаңа шаралар азаматтарды сапасыз және тіркелмеген препараттардан қорғауға, сондай-ақ дәрілік заттардың дәріханалар, маркет плейстер, әлеуметтік желілер және басқа да алаңдар арқылы заңсыз сатылуының жолын жедел түрде кесуге бағытталған.
    Осы мақсатта Денсаулық сақтау министрлігі мен Ұлттық экономика министрлігінің бірлескен бұйрығының жобасы әзірленді. Құжатта дәрілік заттар мен медициналық бұйымдардың айналысы саласындағы қауіп дәрежесін бағалау өлшемшарттары мен тексеру парақтарына өзгерістер енгізу көзделген.
    Ұсынылып отырған өзгерістер мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімділігін арттыруға, әсіресе анықталған заңбұзушылықтар халықтың өмірі мен денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жағдайларға басымдық беруге бағытталған.
    Тиісті лицензиясыз дәрілік заттарды сатуға, тіркелмеген, жалған және сапасыз препараттарды өткізуге, құрамында есірткі, психотроптық және күшті әсер ететін заттар бар дәрілерді дәрігердің рецептісіз босатуға, сондай-ақ фармацевтикалық қызметке қойылатын міндетті талаптарды сақтамауға ерекше назар аударылады.
    Мұндай заңбұзушылықтар анықталған жағдайда уәкілетті орган заңнамада көзделген шараларды қабылдай алады. Олардың қатарында қызметті уақытша тоқтату, жекелеген препараттарды сатуға тыйым салу немесе оларды айналымнан алып қою шаралары бар.
    Сонымен қатар дәріханаларға, фармацевтикалық ұйымдарға және нарықтың басқа да қатысушыларына профилактикалық тексерулер жүргізуді жоспарлау тәсілі жетілдіріледі. Қауіп дәрежесін айқындау кезінде бұрын анықталған заңбұзушылықтар, тексеру нәтижелері, мемлекеттік органдардың мәліметтері, тергеп-тексеру қорытындылары және белгіленген талаптардың сақталуын бағалауға мүмкіндік беретін өзге де ақпарат ескеріледі.

    Әлеуметтік желілерде memleket.kz-ке жазылыңыз

    Қазақстанның маңызды жаңалықтары мен пайдалы материалдары — өзіңізге ыңғайлы платформада.

    Ұқсас материалдар

    "Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Фармация комитеті" жаңалықтары